«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

ДСҰ жағдайындағы бизнес: бәрі де өзімізге байланысты!

2015 жылғы 22 Маусым
7719 просмотров

Бизнес-жоспарлауды дұрыс жүргізетін болсақ, бәсекелестерден қорқудың қажеті жоқ

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында «Бизнес-жоспарлау шағын және орта бизнесті дамытуға арналған құрал ретінде» деген тақырыпта вебсеминар өтті. Баден Вюрттемберг Жер экспорты Академиясының доценті (Export-Akademie Baden-Württemberg GmbH), «Dr. Artur Kirchmaer–Unternehmensberatung» консалтингтік компаниясының басшысы әрі иесі Артур Кирхмаер онлайн-режимде бір жарым сағаттық шеберлік сабағын өткізіп, кәсіпкерлердің сауалдарына жауап берді.

Сарапшы бизнеспен айналысуға шешім қабылдасаңыз, неден бастау керек екенін қарапайым тілмен жеткізді. Оның айтуынша, жеке істі бизнес-жоспарсыз да ашуға болады, және де ол тіпті біраз уақыт табыс әкеліп тұруы мүмкін. Алайда түйткілдер бәрібір туындайды.

«Бәсекелестік бизнесті жүргізуге мүмкіндік беріп, рационалды есептеусіз табыс алуға мүмкін болып тұрғанда – бұл бизнес гүлдене береді. Бәсеке пайда болған бетте кездейсоқ әрекет етіп тұрған бұл кәсіпорындар не күйрейді, не өз қызметін бір жерге шоғырландыру қажет деген қорытындыға келеді. Және де бұл жерде маркетинг жөніндегі мамандарға жүгінулер басталады», - деді ол.

Ол сонымен қатар нақты мысалдармен кәсіпкерлердің көп таралған қателіктерін көрсетіп берді.

«Бір бизнес-леди былай дейді: «Біз иісмайлар жасаймыз». «Олар қандай түйткілді шешеді?» - деп сұрадым. Ол: «Денсаулық пен әдемілік түйткілін», - дейді. Сонда: «Денсаулық түйткілі – бір мәселе, әдеміліктікі – басқа мәселе», - деймін. Яғни сіздің өніміңіз не әдемілік мәселесін, не денсаулық мәселесін шешеді. Ол екі мәселені бірден шешіп тастай алмайды, себебі денсаулық мәселесі туындауы үшін ауыру керек, ал әдемілік мәселесі үшін ол қажет емес. Олар тіпті бір-біріне қайшы келуі мүмкін. Егер денсаулық үшін клиент іздеп жүрсеңіз, онда оларды ауру өлшемі бойынша – терінің түлеуі, тағы басқа бірдеңе бойынша іздеуге тиіссіз. Егер әдемілік түйткілін шешетін болсаңыз, онда әдемілік дегеннің не екенін түсінуге тиіссіз», - деді Артур Кирхмаер.

Тренер пікірталас барысында кәсіпкерлерді толғандырып жүрген Қазақстанның ДСҰ-ға кіру өзекті мәселесін сөз қылды.

«Біреулердің сөзіне сүйенген, бір жерден оқып алған ойлар айтылады: сарапшылар бәсекелестік күшейеді, арзан тауарлар қаптап кетеді деп қауіптенеді және тағы сол сияқты. Менің ойымша: «Егер арзан тауарлар қаптап кетсе, қуана-қуана сатып алыңыздар да, қымбатырақ етіп сатыңыздар. Кәсіпкерсіздер ғой, несіне алаңдайсыздар?», - деп есептейді сарапшы.

Кирхмаер мырза осыған байланысты бір литрін 500 теңгеге сататын қазақстандық қымыз өндірушілерді мысалға келтірді. Ол кәсіпкерлерге қымызды Германияға экспорттауға және оны қымбатырақ сатуға кеңес берді, себебі ол жақта емдік сусынның 300 грамы 15 еуро тұрады.

«Сонда Германияның нарығын қымызға толтырып жібереміз. Баға құлдырайды… Немістер үшін. Ал сіздер үшін ол өсіп кетеді ғой. Ал сіздер өндірісті дамыта отырып, оны 500-ден сатпайсыздар. Яғни ДСҰ-ға кіру ДСҰ-ның өзіне байланысты емес, ол кәсіпкерлер ретінде сіздерге байланысты, өздеріңізді қалай ұстайтындықтарыңызға, жағымды тұстарды пайдалануларыңызға байланысты», - деді сарапшы.

«Бәсекеге қабілеттілік үшін бизнес-жоспарлау құралын пайдалануға болады және пайдалану қажет. Бұл ұзақ жұмыс. Сіздерде тұтынушылар тобының 150 түрі не мың түрі пайда болады деп есептеу керек. Бірақ оларды білген дұрыс», - деп атады Кирхмаер мырза семинарға қорытынды жасай отырып.

Артур Кирхмаер Еуразиялық ғалым-экономистер клубы (Астана, Қазақстан), GIMA-консалт кешенді басқару жөніндегі консалтингтік топ (Тюбинген, Германия) мүшесі болып табылады. Жобалардың сертификатталған менеджері (IPMA), басқару жағдайларын үлгілеу саласындағы, стратегиялық менеджмент және маркетинг, кәсіпорын саясаты мен философиясы, топтар мен ұйымдар құру және дамыту саласындағы сарапшы Артур Кирхмаер бизнесті ұйымдастыру және дамыту саласындағы консалтингтік жобаларды жүргізудің, SWOT-талдау мен бенчмаркинг, стратегиялық маркетинг пен менеджмент саласында консалтингтік жобалар өткізуден көп жылдық тәжірибесіне ие, сондай-ақ  1992 жылдан бері консалтингтік қызмет тәжірибесі бар. Ол менеджерлерді басқарудағы инновациялық қызметке кәсіби даярлау саласындағы ғылыми жұмыс авторы болып табылады, басқару бойынша 40-тан астам ғылыми еңбегі бар.

Семинардың толық нұсқасын «Атамекен» ҰКП сайтынан көруге болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер