«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Елдос Рамазанов: «Сатып алу ережелері өркениетке сай болу керек»

2016 жылғы 10 Маусым
12988 просмотров

Квазимемлекеттік компаниялардың мемлекеттік сатып алулар мен тендерлік процедураларының ашықтығын қамтамасыз етудегі «Атамекен» Палатасы қызметін шын мәнінде аса күрделі әрі қиындыққа толы деп бағалауға болар еді. Тауарлар, жұмыстар және қызмет көрсетулер жөніндегі байқауларда отандық тауар өндірушілерге ұсынылған мүмкіндіктер шектеулі. Сатып алу кезінде олардың мүдделерінің назардан жиі тыс қалып жатуының себебі не?

Мұндай жағдай неліктен қалыптасты? Бұл проблеманы шешуде Ұлттық палата ісі қаншалықты ілгері жылжыды? Осы турасында «Атамекен» ҰКП басқарма мүшесі, басқарма төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов өз пікірімен бөлісті.

Елдос Мұратұлы, бизнестің дамуы үшін қазақстандық кәсіпкерлердің тендерлерге қолжетімділік проблемасы әрдайым басты мәселе болған. Бүгінгі күні жағдай күрделенді, себебі интеграциялық процестер есебінен Қазақстан шетелдік компаниялар үшін қандай да бір шектеулерге жол бермеу міндетін өз мойнына алып отыр. Тығырықтан шығар жол бар ма? Біз халықаралық келісімдерді бұзбастан, қазақстандық бизнеске қолдау көрсете аламыз ба?

– Жағдай, шын мәнінде, күрделі. Бүгінде, ішкі және сыртқы нарықтағы сұраныстың күрт азаюы жағдайында, квазимемлекеттік сектордың, жүйе құраушы жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың мемлекеттік сатып алулары отандық бизнесті дамытудың маңызды  қаражат көзі болып отыр. Ұлттық палата қазақстандық компаниялардың мемлекеттік холдингтер тендерлеріне қолжетімділігін қамтамасыз етуде қыруар жұмыс атқарды десек, артық айтқандық емес. Былтырғы жылдың желтоқсан айында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев пен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев отандық тауар өндірушілерін қолдау мәселелері бойынша өзара әрекеттестік туралы келісімге қол қойған. Бұл құжаттың басты мақсаты – жергілікті құрам үлесін арттыру мен импортты алмастыру бағдарламасын жүзеге асыру. Әлбетте, ДСҰ мен ЕАЭО шеңберіндегі біздің ел міндеттемелеріне қайшы келмейтін шарттар негізінде іске асырылады. Ал жақында, 19 мамыр күні, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ еншілес 8 компаниясының әрқайсысымен осыған ұқсас, бірақ тараптардың нақты міндеттемелері белгіленген  келісімге қол қойылды. Олардың қатарында индустрия локомотиві саналатын «ҚазМұнайГаз» АҚ, «Қазақстан темір жолы» АҚ, «KEGOC» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ секілді компаниялар бар.

Компанияның отандық кәсіпорындармен байланысын кеңейту мақсатында елдің 16 өңірінде облыс әкімдерінің қатысуымен жұмыс комиссиялары құрылатын болады. Олар тауарлар, қызметтер мен қызмет көрсетулер бағаларына бақылау жасап, тендерлер бойынша қызмет көрсете алатын қазақстандық компанияларды анықтамақ. Қазақстандық бизнестің белсенділігін атап өту керек, комиссия отырыстарына 700-ден астам отандық кәсіпкер қатысқан. Мұндай беталыстар ДСҰ мен ЕАЭО аясындағы келісімдерге қайшы келмейді, себебі нарықтың барлық қатысушылары бәсекелі ортада әрекет етуде. Біз тек алқалық тұрғыда ғана «баға-сапа» критерилеріне сәйкес келетіндерді анықтауға мүмкіндік беріп, осылайша сатып алу процесіндегі қажетті транспаренттікті қамтамасыз етеміз.

Ұлттық палата алаңында апта сайын өткізетін өндірушілермен, қызмет ұсынушылармен және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ компанияларымен кездесулер өткізу дәстүрін жалғастырып келеміз. Мұнда қызмет ұсынушылар мен тұтынушылар делдалдарсыз компаниялардың жоспарлаған тауарлар, қызметтер мен қызмет көрсетулерді сатып алуы туралы ақпаратпен алмаса алады. Бұл жұмыстар аясында бірқатар отандық машина жасау және мұнай-химия салаларының өкілдерімен кездесулер өтті. Оларды тиімді болды деуге келесідей көрсеткіштер негіз бола алады: жалпы құны 6,7 трлн теңгеге тең 5537  ұзақмерзімді шартқа қол қойылды. Бұл шарттардің ішінде жалпы 410 млрд теңге тұратын 955 шарт Ұлттық палатаның қолдауымен жасалған.

– Бұл нарықтың сыйымдылығын білсе бола ма? Биылғы жылы мемлекет пен ұлттық компаниялар жоспарлап отырған сатып алулар көлемі қандай?

–Мемлекеттік сектор бойынша: 2016 жылдың мамыр айына 2,3 трлн теңгеге тең мемлекеттік сатыпалу өткізу жоспарда тұр. «Самұрық-Қазына» компаниялар тобына келер болсақ, олар 3,2 трлн теңгені игеруді көздеп отыр.

– Айтарлықтай сома! Дегенмен, нақтырақ тоқталсақ. Мәселен, Астанада жаңа теміржол вокзалы салынуда. Оның құрылысына отандық кәсіпкерлер қатыса ма?

– Біз бұл мәселені мұқият қараудамыз. Отандық кәсіпорын өкілдері, «ҚТЖ ҰК» АҚ Ірі жобалар орталығы және «Сембол» түрік мердігер-компаниясы арасында бірнеше кездесу болып өтті. Жиһазбен жабдықтау және көгалдандыру салаларында нақты келісімдер жасалып қойды. Келісім көлемі 1 млрд теңгеге тең болады деп күтілуде. Жақын арада Қазақстан ағаш өңдеу және жиһаз өнеркәсібі қауымдастығы мен «Сембол» компаниясы арасында консорциум құру жөнінде өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылмақ.

– «Атамекен» ҰКП мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ арасындағы сіз айтып кеткен келісімде құны 250 млн теңгеден асатын тендерлердің ашықтығын бақылап отыратын бақылаушылар туралы норма бар екені белгілі. Бұл ереже қалай жүзеге аспақ?

– Жыл басында Ұлттық палата 63 бақылаушылардан тұратын пулды бекіткен болатын. Оған салалық қауымдастықтар өкілдері енген. Мұның да өз мәнісі бар: салалық компаниялардан басқа не қай жерде, қайдан шығатынын кім жақсы біледі? Бұдан басқа, бақылаушылардың болуы процедуралар ашықтығы мен шешімдер қабылдаудың объективтілігін қамтамасыз етеді.

– Тендерлік процедуралардағы мұндай маңызды өзгерістер үшін келісім нормалары ғана негіз бола алмасы анық. Заңнамалық механизмдер керек сияқты...

– Өте дұрыс. Мұнның барлығы заңнамаға мемлекеттік сатып алулар туралы енген маңызды жаңартуларды енгізуді қажет етті. «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жұмыс тобы аясындағы Ұлттық палата сарапшылары мен Қаржы министрлігінің мамандарының бірлесе жұмыс атқаруының арқасында біз бірқатар проблемалардың түйінін тарқаттық. Мысалы, заң бойынша техникалық ерекше жобаларды алдын ала талқылау механизмі іске қосылатын болады. Енді байқаулар туралы хабарлауға 5 күн қалғанда техникалық ерекшеліктер туралы барлық деректер мемлекеттік сатыпалулар порталында жарияланады. Бұл әлеуетті қызмет көрсетушілер үшін сатып алынатын тауарлар, қызметтер мен қызмет көрсетулердің техникалық параметрлерін талқылап алуға мүмкіндік береді. Егер техникалық ерекшеліктер нақты қызмет көрсетушіге қарай қалыптасатын болса, онда мұны жасыру қиынға соғады. Мұндай жағдайларда әлеуетті қызмет көрсетушілер байқауды ұйымдастырушыға шағым айтуға құқығы бар, ал ол болса келісіп, сатып алынатын тауар, қызметтер немесе қызмет көрсетулердің техникалық параметрлерін өзгертеді болмаса дәлелді түрде бас тартады. Ұлттық палатаның бастамасымен 2016 жылдың 18 сәуірінен бастап әрекет ететін осыған ұқсас норма «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ сатып алулар ережесінде дәлме-дәл көрініс тапқанын айта кету керек.

Техникалық ерекшеліктер туралы нормадан басқа «Мемлекеттік сатыпалулар туралы» заңда өзге де озық жаңалықтар жоқ емес. Мәселен, тапсырыс берушіге жеткізілген тауар мен өндірілген тауарлар төлемін кешіктіргені үшін жауапкершілік тағайындалған. Енді тапсырыс беруші тиісті соманың 0,1%-на тең көлемде әрбір уақытында төленбеген күн үшін тұрақсыздық төлемін төлеуге міндетті. Бұл тұста тұрақсыздық көлемінің жалпы сомасы шартта көрсетілген жалпы соманың 10%-нан аспауы қажет. Жаңадан редакцияланған заңда мемлекеттік сатыпалулар процедураларына қатысты шағым айту механизмдерін қайта қарау туралы норма бар. Енді шарт жасасу байқаулар нәтижелерін бұзу деректерін тексеру кезеңінде қаржылық бақылау қорытынды шығарғанға дейін тоқтатыла тұрады.

Біз үшін тағы бір маңызды жаңартпа: заңда алдын ала біліктілік іріктеуіне Ұлттық палата өкілдерінің қатысуы бекітілген.

– «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ сатыпалулардың жаңа жүйесін жасап жатқаны белгілі. Бұл тұста Ұлттық палатаның үлесі қаншалықты?

– «Атамекен» бұл іске аса белсенді атсалысуда. Нақтырақ айтар болсақ, тәуелсіз салалық сарапшылар институтын енгізу туралы ұсыныс жаңа сатыпалулар жүйесінде көрініс тапты. Мәселен, тәуелсіз салалық сарапшылар құны 250 млн теңгеден асып жығылатын тендерлік құжаттама жобаларын даярлауға қатысады. Аталған механизм қызмет ұсынушылар арасында адал бәсекені қамтамасыз етеді деген ойдамыз.

Ұлттық палата Тәуелсіз салалық сарапшылар реестрін қалыптастыру жөнінде жұмыс жасауда, олардың кандидатураларының атынан «Атамекен» ҰКП Төралқасының комитеттері шығады.

Соңғы екі жылда CT-KZ сертификатының мақсаттылығы дау тудырған еді. Ұлттық палата тіптен индустриалды сертификатын енгізу бастамасын айтып сөз алғаны да белгілі. Бұл неге байланысты?

–Мен бұған дейін жалған өндірушілер проблемасы туралы айтып өткен болатынмын. CT-KZ рәсімдеген, отандық өндірушілер ретінде жеңілдіктерге ие болып, бірақ өнімі импортталған компаниялар анықталған. Мұның барлығы «Атамекен» ҰКП бастамасы бойынша құрылған комиссияның кең ауқымды тексеріс барысында анықталды. Осылайша, біз отандық тауарөндірушіні қолдау құралы ретінде CT-KZ сертификатын қолданудың жөнсіздігін көрсететін тағы бір дәйек таптық. Айта кету керек, сертификаттың болуы арқылы қол жеткізуге болатын ДСҰ мен ЕАЭО аясындағы халықаралық міндеттемелер мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектор сатыпалуларындағы барлық жеңілдіктердің күшін жояды. СТ-KZ сертификаты тек жер қойнауын пайдаланушылар сатып алуларында 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін, ал Арнайы экономикалық аймақтарда (АЭА) 2017 жылдың 1 қаңтарына дейін әрекет етеді.

«Атамекен» бұған қарағанда анағұрлым тиімді құрал – Индустриалды сертификатты ұсынады. Бұл ерікті сертификацияға негізделген, өтініш берушінің берілген тауарлар, қызметтер тізіміне сәйкес келетін көлемде  өнім өндіруіне, жұмыс атқаруына техникалық, технологиялық және ресурстық мүмкіндік беретін құжат.

Индустриалды сертификатты алдын ала біліктілікті іріктеу байқауында мемлекеттік сатып алулар мен ұлттық компаниялар сатыпалуларында пайдалану қарастырылған. Осылайша, мемлекеттік сатып алулардағы алдын ала біліктілікті іріктеуге қатысуға қажетті біліктілік критерилерінің бірі индустриалды сертификаттың болуы саналады. Ал ұлттық компаниялар сатып алуларына келер болсақ, индустриалды сертификат тауар өндірушінің дәрежесін көрсететін құжатқа айналады деп көзделіп отыр.

Сондай-ақ, индустриалды сертификат өндірістің бәсекеге қабілеттілігі деңгейі бойынша кәсіпкерлік субъектілерін саралау құралы да бола алады. Оның ішінде, индустриалды сертификат кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларындағы мақсатты топты анықтау құралының бірі ретінде пайдаланыла алады.

Бүгінгі күні мемлекеттік органдармен аталған құжатты енгізу мәселесі жасалуда. Құрылған жұмыс топтары аясында салалық қауымдастықтар өтініш берушіні тауар өндірушісі, қызметтер мен қызмет көрсетулерді ұсынушы дәрежесіне жатқызу критерийлерін жасау жөнінде жұмыс жасалуда. Дәреже салалық қауымдастықтар қатарындағы тәуелсіз сарапшылар жүргізетін индустриалды сараптама арқылы бекітілетін болады.

Тек мемлекеттік компаниялар мен ұлттық холдингтер ғана сатып алмайды.  Жер қойнауын пайдаланушылар сатыпалулар нарығында үлкен үлес қосады.

– Олармен отандық өндірушілер үлесін кеңейту бойынша қандай жұмыстар жасалып жатыр?

–Бұған дейін айтып өткенімдей, СТ-КZ жер қойнауын пайдаланушылар сатыпалуларында 2021 жылдың аяғына дейін әрекет ететін болады, яғни мемлекет тарапынан отандық өндірушілерді белгілі бір қолдау бар.

Бүгінгі күні «Теңізшевройл» ЖШС, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» және Солтүстік Каспий консорциумы (NCOC) секілді үш ірі компания «Algoritmi Қазақстан» жасап жатқан «Алаш» порталын пайдалану мәселесін қарауда. Порталда Қазақстандағы әлеуетті мұнай-газ компаниялары туралы деректер қоры бар. Аталған портал қызмет ұсынушыларға да, тапсырыс берушілерге бірдей пайдалы. «Алашта» тіркелген бизнесмендер алдын ала біліктілік бағалаудан өтіп, өздерінің сала операторы ұсынып отырған ең аз критерийлерге сәйкестігін көрсете алады. Тапсырыс берушілер қажетті өнім мен қызметті ұсынушыларды іздеу үшін «Алаш» жүйесіне жүгінуіне болады.

Ұлттық палата, өз кезегінде, базаның ашықтық, қолжетімділік қағидасы арқылы қызмет ету жағдайларын жақсарту, жергілікті компанияларды дамыту және тарту мақсатында «Algoritmi Қазақстан» компаниясы жүргізіп отырған жұмысқа қатысу мәселесін қарастыруда.

– Веб-ресурстар тақырыбын қозғадық екен, «Бизнес-реестр» деп аталатын жаңа порталға назар аударсақ. Оның қандай қажеттілігі бар, бұл дегеніңіз инновациялар сәніне еліктеушілік пе әлде ықпалы  зор құрал ма?

– Екі апта бұрын Ұлттық палатаның еншілес ұйымы Нарықты бақылау және сараптама жасау орталығы бизнеске арналған жаңа интернет-алаңды іске қосты. «Бизнес-реестр» B2B, яғни «бизнес бизнес үшін» форматындағы жұмысқа бағытталған. Мақсаты – кәсіпкерлерге деңгейлес байланыстар орнатуға, өзара әрекеттестік пен ынтымақтастық орнатуға жәрдемдесу.

Бизнес-реестрде Қазақстанда әрекет ететін барлық кәсіпкерлер туралы жалпы мәліметтер бар, сонымен бірге Қазақстанда ұсынылатын тауарлар, қызметтермен қызмет көрсетулердің барынша кең ауқымды тізімі берілген. Реестр мемлекеттік және квазимемлекеттік компаниялар базасындағы деректермен ғана емес, кәсіпкерлердің өзі ұсынған ақпараттармен де толығып отырады. Бизнес-реестрді бизнесмендер қалауы бойынша кеңейту көзделіп отыр. Ұлттық палата бұл өнімге үлкен үміт артып отыр және ол қазақстандық бизнес жұмысында демеу боларына сенеді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік сатып алулардың транспаренттігін қамтамасыз ету үшін қажеттінің барлығын жасауда. Біздің қоғам толыққанды жетіліп, ашықтық бизнес пен экономика өркениеттілігінің маңызды бөлігі екенін түсінеді деп ойлаймын. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер