«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Римма Салықова: «Жас кәсіпкерлерді қолдау үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама керек»

2017 жылғы 04 Қыркүйек
- Жетісу облысы

Қаржыландыру жастар үшін қолжетімді болуы тиіс, дейді облыстық Өңірлік кеңес төрағасы

Жастар кәсіпкерлігінің мүмкіндіктері мен қолдау көрсету мәселелері Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің Қазақстан аймақтарынан келген жас кәсіпкерлерімен өткізген бейресми кездесуінде сөз болды. Жиын өңіраралық бизнес-тағылымдамалар жобасы аясында өтті.

Өңірлік кеңес төрайымы Римма Салықова «Атамекеннің» құрылуымен бизнес жүргізудің жеңілдегенін айтты.

 «Қазіргі таңда бизнесті қолдау мен қорғау жаңа деңгейге шықты. Тексерулер саны азайып, бизнес заң жобаларды әзірлеуге белсенді қатысуда, жүйелі мәселелерді өзара және бірлесе шешуде. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Үкіметпен бірге жеңілдетілген шағын несиелеуді, кәсіпкерлік қызметті қолайлы жүргізу бойынша жұмыстар атқарып келеді», – атап өтті ол.

Римма Салықова жас кәсіпкерлер үшін мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау шараларын әзірлеу маңыздылығына назар аударды.

«Жыл сайын аудандар мен селолық округтерді аралау барысында ауылды жерлерде мемлекеттік қолдау құралдары бойыша түсіндірме жұмыстарын белсенді түрде өткізу қажеттілігіне көзім жетіп отыр. Ауылдағы азаматтардың кәсіп ашуға деген қызығушылығы жоғары. Бірақ, ақпарат жетіспейді және қаржыландыру көздері аз. Мысалға, жастар жас ерекшелігі мен кепілдікке қоятын мүліктің жоқтығына байланысты бизнесті дамытуға несие ала алмай отыр. Бұл мәселені шешу қажет. Жастар кәсіпкерлігін дамыту мен қаржыландыруды қолжетімді жасау үшін арнайы бағдарлама қажет», – деді Римма Салыкова.

Облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаева жас кәсіпкерлер аудандық және қалалық деңгейде Кәсіпкелерге қолдау орталықтарында тегін сервистік қызмет пен мемлетекеттік бағдарламалар бойынша кеңес алатынын айтты. Сонымен бірге, кәсіпкерлік негізіне «Бизнес-Кеңесші», «Бастау Бизнес», «Жас кәсіпкер мектебі»  жобалары аясында білімін шыңдауға болатынын атап өтті. Бизнесті жаңадан бастаушылар 3 млн теңгеге дейінгі гранттық қаржыландыруға және «Startup Bolashak» стартап жобалар байқауына қатыса алады.

Талдықорған қаласындағы жетекші ұйымдардың бірі – «Мейірім» медициналық орталығының директоры Гүлнаш Әбусағитова жастарды көп күдіктенбеуге, тәуекел жасаудан қорықпауға кеңес берді. 20 жылдық тәжірибесі бар ЛОР-дәрігер қалалық ауруханада жұмыс істеген кезде бизнес бастау ойы келгенін айтты.

«Көп жылдар бойы қалалық ауруханада еңбек еттім. Сол уақытта дәрігерлердің жалақысы аз болды, отбасыны күтіп-бағу керек болды. Осылайша медициналық кабинетті, кейін жеке емхананы аштым. Бұл сіздер үшін жаңа ой болмаса да айтайын, бизнес бастау үшін тәуекел жасаудан, алдыда кездесетін кедергілерден қорықпау керек», - дейді іскер әйел.

Жастарға бизнесті қорғау құралдары мен бұл бағыттағы жұмыс нәтижесі туралы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңесінің төрағасы Баниямин Файзулин мәлімдеді.

Айта кетейік, кездесу барысында жас кәсіпкерлер сауалдармен қоса, кәсіпкерлерден жеке кеңестер алды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер