«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жұмысшы мамандықтарын дамыту: №7 колледж студенттерінің табысты кәсіпкермен кездесуі

2025 жылғы 17 Наурыз
- Түркістан облысы
460 просмотров

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Кентау қаласындағы №7 колледжде «шаштараз-стилист» мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттердің «Маржан Мырзамет» студиясының басшысымен кездесуі өтті. Бұл шара болашақ мамандар үшін тек құнды білім алу мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар сұлулық индустриясындағы табысты кәсіпкерліктің жарқын үлгісі болды.

Кәсіпкер шеберлік сабағын өткізіп, заманауи шаштараздық өнердің техникасын көрсетті, өз жетістік тарихымен бөлісті, студенттердің сұрақтарына жауап беріп, бизнес ашу мен жүргізуге қатысты пайдалы кеңестер берді. Әсіресе, кәсіби дамудың, өзін-өзі жетілдірудің және тапсырыс берушіге аса мән берудің маңыздылығына ерекше назар аударылды.

Кәсіпкерлер палатасы білікті кадрлардың тапшылығына назар аударып, әсіресе аймақтарда жаңа жұмыс орындарын ашудың қажеттілігін атап өтеді. Бұл жұмыссыздық деңгейін төмендетіп қана қоймай, әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға да ықпал етеді.

«Бүгінгі таңда маңызды бағыттардың бірі – білім беру бағдарламалары мен технологияларын жаңғырту. Бұл түлектердің өзекті дағдыларды меңгеруіне және біліктілігін арттыруына мүмкіндік береді. Осы бағытта кәсіптік білім беру жүйесін еңбек нарығының нақты қажеттіліктеріне жақындату мақсатында белсенді жұмыс жүргізілуде», - деді Өңірлік палата директоры Асылан Ибадуллаев.

№7 колледждің өндірістік оқыту шебері Баян Нарбекова мұндай кездесулердің студенттер үшін өте пайдалы екенін атап өтті. Бизнестегі тәжірибелі кәсіпкермен ашық диалог жүргізу болашақ мамандарға өздерін қызықтыратын сұрақтарға нақты жауап алуға мүмкіндік берді.

«Бүгінгі таңда сұлулық индустриясы – ең сұранысқа ие салалардың бірі. Сондықтан бұл кездесу әсіресе біздің қыздарымызға үлкен шабыт сыйлады. Колледж қабырғасында және практикалық сабақтарда біз, оқытушылар мен тәлімгерлер, бизнес құру туралы толық ақпарат беруге әрдайым мүмкіндік таба алмаймыз. Ал Маржан Мырзамет өз тәжірибесімен бөлісіп, басты «бизнес-құпиясы» өте қарапайым екенін айтты – ол адалдық пен клиентке бағдарлану. Біздің студенттер арасында білім мен жұмысты қатар алып жүрген қыздар да бар. Мен мұны дұрыс деп санаймын, себебі практика олардың тәжірибе жинауына көмектеседі, ал бұл болашақта клиенттік база мен табыс деңгейіне оң әсер етеді. Біздің колледж тарихында бірнеше жыл шебер болып жұмыс істеп, кейін өздерінің сұлулық салондарын ашқан түлектеріміз бар. Бүгінде олардың кәсіптері қаладағы танымал салондардың қатарына енген. Кездесуді ұйымдастырғаны үшін Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасына алғысымызды білдіреміз. Палата өкілдері жас кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат беріп, біздің қыздарымыздың өз әлеуетін ашуға деген ынтасын одан әрі арттыра түсті», – деді  Баян Нарбекова.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер