«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түркістан облысында Өңірлік кеңестің жаңартылған құрамының алғашқы отырысы өтті

2025 жылғы 14 Ақпан
- Түркістан облысы
1150 просмотров

Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасының алаңында Өңірлік кеңестің жаңа құрамдағы алғашқы отырысы өтті. Жиынға өңірлік кәсіпкерлер, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары, басқарма мүшесі Тимур Нақыпбеков және Өңірлік кеңес мүшелері қатысты.

Сайлау қорытындысы бойынша Өңірлік кеңестің жаңа құрамына 16 аудандық және 7 салалық кеңестен барлығы 23 мүше енді.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары, басқарма мүшесі Тимур Нақыпбеков Өңірлік кеңестің маңыздылығына тоқталды.

«Өңірлік кеңестің жаңа құрамын қалыптастыру – өңірдегі кәсіпкерлікті дамытудағы маңызды қадам. Кеңес өкілдері жергілікті экономиканы жақсарту және кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер жасау бағытында жұмыс істейтін болады. Бұл бизнес қауымдастығын шешім қабылдау процесіне тартудың қаншалықты маңызды екенінің жарқын мысалы», – деді ол.

Отырыс барысында Өңірлік кеңестің төрағасын қайта сайлау өтті. Кеңес төрағасы болып бірауыздан қабылдаған шешімімен кезекті рет Нұралы Әбішов сайланды.

«Құрметті әріптестер, маған сенім білдіргендеріңіз үшін алғыс айтамын. Өз тарапымнан бизнес-қоғамдастықтың өзекті мәселелерін шешу және өңірлік кеңестің алдына қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін бар күш-жігерімді саламын. Біз барлық мәселелерді бірлесе шешуіміз керек. Сонымен қатар, бизнес мүддесін қорғауда табанды болуымыз қажет», – деді ол.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев Өңірлік кеңестің бұрынғы мүшелеріне ынтымақтастықтары үшін алғыс білдіріп, кеңес жұмысына белсене атсалысқан кәсіпкерлерді арнайы алғыс хаттармен марапаттады. Ол сондай-ақ жаңа құрамға жемісті жұмыс тілеп, ӨКП қызметінің негізгі бағыттары туралы ақпарат берді.

«Кеңес құрылымының жаңартылған моделі аумақтық және салалық делегаттардан тұрады. Бұл бизнестің жергілікті және салалық мәселелерін мемлекеттік органдармен тиімді шешуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Асылан Ибадуллаев.

Кездесуде қатысушылар кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін талқылап, 2025 жылға арналған жұмыс жоспарын бекітті. Сонымен қатар, аудан және қалаларға шығу кестесі қаралып, кәсіпкерлермен кері байланыс орнату мәселелері талқыланды.

Бұл жиын өңір кәсіпкерлері үшін маңызды шешімдер қабылданатын алаң ретінде өзектілігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер