ТҮРКІСТАН: КӘСІБИ МАМАНДАР ДАЯРЛАУДА КӘСІПОРЫНДАР МЕН КОЛЛЕДЖДЕР ӘРІПТЕСТІГІ НЫҒАЯДЫ
2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтар жылы» ретінде жарияланып, мемлекет басшысы еңбек адамының мәртебесін көтеру мен сапалы кадр даярлау мәселесіне ерекше назар аударуды тапсырды. Осы мақсатта Түркістан облысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру бойынша маңызды жиын өтті.
БИЗНЕС ЖӘНЕ БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІ БАС ҚОСТЫ
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев төрағалық еткен жиынға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова, өңірлік кәсіпорындар мен колледждердің басшылары және бизнес қауымдастығының мүшелері қатысты.
Жиында Айгүл Қасымбекова жұмысшы мамандықтарын дамытуға бағытталған жоспарларымен бөліссе, Айдос Апбазов («Көпсалалы индустриалды-техникалық колледжі» МКҚК директоры) еңбек нарығындағы өзгерістерге тоқталып, кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту қажеттігін айтты.
КӘСІПОРЫНДАР ДУАЛДЫ ОҚЫТУҒА ҚАТЫСАДЫ
Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев:
«Білім беру ұйымдары мен кәсіпорындар арасындағы байланысты күшейту – басты міндетіміз. Дуалды оқыту жүйесін енгізу арқылы студенттер өндірістік тәжірибеден өтіп, еңбек нарығына дайын маман ретінде шығады. Сонымен қатар, кәсіпорындар қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға да мән берілуі тиіс,» – деді ол.
Оның айтуынша, жұмыс берушілер колледждермен бірлесіп, қажетті мамандықтарды айқындап, жастарды нақты өндірістік тәжірибеге баулуға атсалысуы қажет.
ЖАСТАР ЖЕРГІЛІКТІ ЗАУЫТТАРДА ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛАДЫ
Өңірде өндіріс орындарының сұранысына сай маман даярлау ісі жолға қойылады. Қазіргі уақытта аймақта жаңа кәсіпорындар ашылуда, сондықтан жергілікті жастардың жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасау – басты міндеттердің бірі.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев колледждер мен кәсіпорындарды белсенді әріптестікке шақырып, жұмысшы мамандықтарын дамыту ісіне жанашырлықпен қарау қажеттігін атап өтті.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: