«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Қытай – Орталық Азия» І Іскерлік кеңес отырысы Қазақстанда өтеді

2025 жылғы 14 Қаңтар
1016 просмотров

2024 жылғы 14 қаңтарда Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов пен «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова Шэньси провинциясының Халықаралық сауданы дамыту комитетінің (CCPIT) делегациясымен кездесті. Делегацияны Қытай Халықаралық сауданы дамыту комитетінің Шэньси бөлімшесі төрағасының орынбасары Цюань Цзянь басқарды. Делегация құрамында Шэньси провинциясы Халық үкіметі аппараты хатшылығының бастығы Фань Сяолян және Шэньси бөлімшесі хатшылығының жетекшісі Лю Лижун болды.

Кездесудің басты тақырыбы – 2025 жылы Қазақстанда мемлекет басшылары деңгейінде өтетін «Қытай – Орталық Азия» Саммиті аясында І Іскерлік кеңес отырысын ұйымдастыру мәселесін талқылау.

Сөз барысында Мұрат Қарымсақов серіктестікті нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдауға дайын екенін айтты.

«Қазақстан мен Қытайды бай тарихы, мәдениеті және экономикалық ынтымақтастығы бар ғасырлар бойғы байланыстар біріктіреді. Бүгінгі таңда Қытай — Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі, ал «Бір белдеу - бір жол» бастамасы өзара тиімді ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда», — деді ол.

Сонымен қатар, Қарымсақов І Іскерлік кеңес отырысын ұйымдастыруға жан-жақты қолдау көрсетуге, спикерлерді тарту, контент әзірлеу және іскерлік кездесулерді ұйымдастыруға дайын екенін атап өтті.

Цюань Цзянь Қазақстан тарапына көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдіріп, жемісті ынтымақтастыққа сенім артатынын жеткізді.

«2023 жылдың мамыр айында Сиань қаласында өткен “Қытай – Орталық Азия” Саммитінде көшбасшыларымыз екі жыл сайын мемлекет басшылары деңгейінде кездесулер өткізу механизмін құру туралы келісімге келді. Қазақстан келесі саммитті қабылдайтын ел болады. Бұл шара елдеріміз арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадамға айналады», — деді ол.

Агроөнеркәсіптік кластерлер мен білім беру саласындағы ынтымақтастық

Гүлнар Бижанова өз сөзінде агроөнеркәсіптік кластерлерді дамыту, суару технологияларына инвестиция салу және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселелеріне ерекше назар аударды.

«Біз әрбір ауылдық аймақты өнімді қайта өңдеу және экспорттау орталығына айналдыруға болады деп сенеміз. Осы мақсатта біз қытайлық серіктестермен, оның ішінде тәжірибе мен технологияларды тарту бойынша ынтымақтастық әлеуетін көреміз», — деді ол.

Сонымен қатар, Бижанова білім беру саласындағы ынтымақтастық, атап айтқанда, Қазақстанда қытай университеттерінің филиалдарын ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

«Ғылыми қауымдастықпен өзара іс-қимыл – қарым-қатынастарды дамытудың негізгі бағыттарының бірі», — деп атап өтті ол.

Тараптар І Іскерлік кеңестің күн тәртібін нақтылау, ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын анықтау және бизнес өкілдерінің кең ауқымын тарту туралы келісті. Бұл кездесу ауқымды халықаралық іс-шараларға дайындықтың маңызды кезеңі болып, экономикалық, білім беру және технологиялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың маңыздылығын айқындады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер