«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қазақстанда сығылған табиғи газ нарығын дамыту басымдықта

2023 жылғы 20 Маусым
4093 просмотров

ҰКП мамандары сығылған табиғи газ нарығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірлеуді ұсынды. Ұлттық палата өкілдері «QazaqGaz» ҰК» АҚ компаниясының газ тасымалдау жүйесін жаңғырту және қуаттылықты кеңейту жөніндегі бастамасын қолдады, сондай-ақ тауарлық газды өндіру мен өңдеу көлемін ұлғайту үшін жер қойнауын пайдаланушылар үшін әділ баға белгілеу қажет деп санайлы.

 Астана халықаралық қаржы орталығында QazaqGaz компаниясының 2022 жылы атқарған жұмысына қорытынды жасалып, QazaqGaz 2032 жылға дейнгі даму стратегиясы таныстырылды. Жиында «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов газ саласы Қазақстан Республикасының экономикалық және әлеуметтік әл-ауқатында шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Бұл ретте тауарлық газды өндіруден бастап түпкілікті тұтынушыға дейін жеткізудің бүкіл тізбегі үшін экономикалық қолайлы жағдайлар жасау қажет.

Мақсат Қиқымов газ саласының үш негізгі бағытының әрқайсысын сипаттап, бар проблемаларды атап өтті.

«Қазақстанда газ тұтыну көлемі өсіп жатыр. Жыл сайынғы өсім 7%-ды құрайды. Алайда, газ өндіру қарқыны сұранысқа сәйкес келмейді. Тауарлық газды өндіру мен өңдеуді ұлғайту үшін жер қойнауын пайдаланушылар үшін әділ баға белгілеу қажет», – деді спикер.

Сонымен қатар, осы бағыт бойынша үлкен жұмыс атқарылды: 2022 жылы Энергетика министрлігі мүдделі ұйымдармен бірлесіп жер қойнауын пайдаланушылардан газ сатып алудың жаңа ынталандыру мақсатында  заңнамалық түзетулер енгізді.

Бұл түзету рентабельді және инвестициялық тартымды болатын жаңа кен орындарын игеруге оң әсер етеді деп санаймыз. Сонымен қатар барланған кен орындарында газ өндіру көлемі ұлғаюы тиіс», – деп толықтырды спикер.

 ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары тауарлық газды үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету басымдық болуы керегін айтты.

«Жұмыс істеп тұрған газ тасымалдау жүйесі 75%-ға тозған. Бұл қосымша қуаттарды уақтылы жаңғыртып, жаңасын салуды талап етеді. Біз «QazaqGaz» ҰК» АҚ компаниясының газ тасымалдау жүйесін жаңғырту және қуаттарды кеңейту жөніндегі бастамасын қолдаймыз», – деп түсіндірді Мақсат Қиқымов.

Спикердің айтуынша, қазіргі уақытта тауарлық газдың бағасы тиімсіз және инвестициялық жағынан тартымсыз болып отыр.

«Ішкі нарықтағы көтерме бағалар рентабельділіктен алыс. Сондай-ақ, тарату желілеріне тарифтер мен бөлшек сауда бағасына үстемеақылар мемлекеттік органдар тарапынан уақтылы ден қоюды талап етеді. Осы жылғы 6 маусымда Энергетика министрлігі Қазақстанның ішкі нарығында 5 жылдық кезеңге (2023-2027 жж.) тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын алғаш рет бекіткенін атап өткім келеді, бұл өз кезегінде 2027 жылға қарай тауарлық газды көтерме сатудан шығынсыздық деңгейіне қол жеткізуге және қаржы институттары тарапынан төмен мөлшерлемелермен ақша қаражатын тартуға, сол арқылы газ саласын өтелетін және рентабельді салаға айналдыруға мүмкіндік береді», – деді ол.

 Сонымен қатар, халық пен бизнес үшін тауарлық газды тұтынуды одан әрі болжау үшін бекітілген көтерме бағаларды ескере отырып, бөлшек сауда бағаларын жария талқылау және түсіндіру жүргізу қажет.

«Атамекен» ҰКП мамандары газ саласының перспективалы бағыттарының бірі сығылған табиғи газ нарығын дамыту деп санайды. Оны табысты іске асыру үшін «Атамекен» ҰКП бизнес, Үкімет және ҚР Парламенті деңгейінде жәрдем көрсетуге дайын, сондай-ақ Палата сығылған табиғи газ нарығын дамыту бойынша кешенді жоспар әзірлеуді ұсынды.

«Сығылған табиғи газды пайдалануды ынталандыру шаралары бүгінгі таңда ішкі нарықта мұнай өнімдерінің уақытша тапшылығын ескере отырып, дизель отынына, әсіресе елдің автопаркі үшін бензинге жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. «Атамекен» ҰКП-ға шекаралас өңірлерде де, ірі қалаларда да автокөлік газ толтыру компрессорлық станциясын салуға қызығушылық танытатын жеке кәсіпкерлер жиі жүгінеді», – деп қорытындылады Мақсат Қиқымов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер