«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Бастау Бизнес» жобасын аса жоғары бағалады

2021 жылғы 22 Қыркүйек
4556 просмотров

Бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бастау Бизнес» жобасының 5 жылдағы жұмысын қорытындылады. Нұр-Сұлтан қаласында жоба түлектерінің өнімдерінен көрме ұйымдастырылды және онлайн-форум өтті. Оның аясында кәсіпкерлер мен олардың бизнес-тренерлері шеберлік сабағын өткізді. Осы уақыт ішінде 185 мыңға жуық қазақстандық кәсіпкерлік негіздерін оқыды. 

Елбасы «Бастау Бизнес» бағдарламасына жоғары баға берді. Нұрсұлтан Назарбаев бейнеүндеу жолдап, жобаны Қазақстан бойынша жалғастыру қажеттігін атап өтті.

«Оқу аяқталғаннан кейін бизнес-тренерлер жыл бойы кәсіпкерлердің жобаларына жетекшілік етеді. Ісін жаңа бастаған кәсіпкердің проблемасын шешуге көмектеседі. Бұл, әсіресе, бизнеске жаһандық пандемияға байланысты қатты қысым түскен кезде өте қажет. Еліміздің гүлденуі азаматтардың әл-ауқатына тікелей байланысты, сондықтан мен жоғары бағалайтын «Бастау Бизнес» бағдарламасының барлық қатысушысына сәттілік тілеймін. Ел бойынша бұл бағдарламаны жалғастыру керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы жоба кәсіпкерлік негіздеріне үйрету арқылы ғана емес, сонымен қатар «Еңбек» бағдарламасы аясында жеңілдетілген микронесие немесе грант ұсынуымен танымал болғанын атап өтті. 2021 жылдан бастап «Атамекен» ауыл азаматтарын кәсіпкерлік негіздеріне оқытып қана қоймай, бизнес-жобаларды қаржыландырады және сүйемелдейді. Ол үшін еліміз бойынша 15 микроқаржы ұйымы құрылды. Жеңілдікпен несие беру үшін мемлекет 22,5 млрд теңге бөлді.

Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев қазір өтінімдерді қарау және ақша беру бойынша жұмыс қарқынды жүріп жатқанын атап өтті.

«Атамекен» микроқаржы ұйымдарына 2 мыңға жуық өтінім түсті. Берілген микронесиелердің нәтижесі бойынша  бес мыңнан аса кәсіпорын мен кемінде он мың жұмыс орнының ашылуы, сондай-ақ бюджетке төленетін салық төлемінің ұлғаюы күтілуде. Бес жыл ішінде «Бастау Бизнес» нағыз халықтың жобасына айналды, әсіресе, ауылдық жерлерде жүздеген мың қазақстандықтың өмірін өзгертуге мүмкіндік берді деп сеніммен айта аламыз. Елді мекендерде жобаға деген сұраныс жоғары», – деді Тимур Құлыбаев. 

Көрмеде «Бастау Бизнес» түлектері өздері өндірген өнім және көрсететін қызмет түрлерін, атап айтқанда азық-түлік, ұлттық тоқыма бұйымдар мен әшекейден бастап, құрылыс жабдықтары  және түзету кабинеттерінің қызметіне дейін ұсынды. Шеберлік сабағында түлектер кәсіпкер болу жолы туралы айтып, жобаларын таныстырды. 

2021 жылы бағдарлама бойынша «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 30 мың қазақстандық білім алды. Түлектердің бірі – елордалық Татьяна Куснутдинова. Ол түзету орталығын қалай ашқанын айтып берді. Татьянаның баласына дәрігерлер аутизм диагнозын қойған. 15 жылдық тәжірибесі бар педагог бірнеше жыл бұрын баласын оңалту үшін Ақмола облысынан көшіп келген. Кейін логопед-дефектолог ретінде білім алған Татьяна ұлын аяғына тұрғызып,  өзі секілді аналарға көмектесу үшін жұмысын жалғастырған. 

«Баламның диагнозын жеңіп шыққанда, жеке түзету орталығын ашу қажеттігін түсіндім. Жабдық алуға қаражат болмаған соң, мемлекеттен қолдау табуға тырыстым. 2021 жылғы маусымда «Бастау Бизнес» жобасына қатыстым. Екі ай бұрын 5 млн теңге грант алып, БАК және ИНтайм атты екі аппараттық әдістемені сатып алдым. Енді мен ұлым сияқты балаларға көмектесе аламын. Сондай-ақ, жұмыс орындарын ашамын. Қазір алты адамды жұмыспен қамтып отырмын, тағы үш адамды қабылдаймын», – деді Татьяна Куснутдинова. 

Бес жылда 185 мыңға жуық адам кәсіпкерлік негіздерін оқыды. Олар 53 мың бизнес-жобаны іс жүзіне асырды. «Бастау Бизнес» жобасының әр үшінші түлегі кәсібін бастады. Жоба түлектері 70 мыңға жуық жұмыс орнын ашып, 1,5 млрд теңгеден аса салық төледі. «Бастау Бизнес» жобасы Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр.

Анықтама: 

«Бастау Бизнес» жобасының тарихы 2016 жылы басталды. Пилоттық жоба Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында, Жаңаөзенде және Ақтөбе облысының Темір ауданында іске қосылды. Тура бір жылдан кейін «Бастау Бизнес» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағытын оқыту форматы ретінде қабылданды.

2017 жылы 80 ауданның ауылдарындағы 15 мың тұрғын оқып, әрбір бесінші азамат (3 314 немесе 22%) жобасын іске асырды.

Жыл сайын жобаның ауқымы мен әлеуметтік маңызы кеңейе түсті. 2018 жылы қалалар мен моноқалалардың жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындары оқуға тартылып, 160 аудан қамтылды. 2019 жылдан бастап жобаға Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары қатысып келеді. 2018 жылы 30 мыңға жуық адам оқыды, ал 2019 жылы жоба қатысушысы 75 мың қатысушыға дейін көбейді. 2019 жылы NEET санатындағы жұмыссыз жастарға, жас отбасы мүшелеріне, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға және еңбекке қабілетті мүгедектерге ерекше назар аударылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер