«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Пияз экспортына салынған тыйым жамбылдық шаруалар үшін оңайға түспеді

10 Сәуір 2020
3676 просмотров

Пияз экспортына салынған тыйым жамбылдық шаруаларды банкроттыққа итермелеуде. Қазіргі таңда пияз тиелген жүздеген көлік егіс алқаптары мен қоймаларда тұр

Бүгін «Atameken business» арнасының эфирінде пияз өсіруші шаруа қожалықтарындағы мәселелер жайында «Жанторе-Саудакент» ЖШС директоры Медеу Шаханов әңгімеледі. Кәсіпкердің айтуынша, пиязды сыртқа шығаруға салынған тыйымға байланысты өнімді ішкі нарықта сату мүмкін болмай отыр. Өйткені өнім көлемі артығымен бар.

 Кәсіпкер  бес жыл бойы  пияз өсірумен айланысады, ол тауарды Ресей, Грузия, Беларусь, Түркия, Иран және Иракқа экспорттаған. 

«Жергілікті атқарушы орган нақты жауап бермей отыр, біз Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы басқармасы, ҚР Ауыл шаруашылығының аумақтық инспекциясы көмегіне жүгіндік. Олардың барлығы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жекелеген азық-түлік өнімдерін сыртқа шығаруға тыйым салу туралы бұйрығына сілтейді», – деп атап өтті кәсіпкер.

Еске салсақ, 2020 жылдың 22 наурызында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Кейбір тауарлардың Қазақстан Республикасының аумағынан үшінші елдерге шығарылуына тыйым салу туралы» №103 бұйрықты шығарды.

 Бірақ кәсіпкердің айтуынша, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ішкі сұранысты талдамай жатып, тез бұзылатын өнімді сыртқа шығаруға тыйым салған. Бір-екі аптадан кейін сатылмаған өнімнің барлығы қоймаларда шіріп, нәтижесінде бұзылған өнімді шаруалар өз қалталарынан көлік жалдап, қоқысқа тастауға мәжбүр болады.

 «Қазір менде 300-ден астам тонна пияз сақталып жатыр, сұрыптау жасалған соң тағы 30%-ы жарамсыз болып шығатынына сенімдімін. Біз пияздың өзіндік құнын есептеп көрдік, ол 25 теңгені құрайды. Сақтауға дейінгі тасымалдау және қаттауға тағы 10 теңге қосылады, сәуірге дейін сақталатынын ескерсек, 50 теңге қосылады (бұған 10 пайыздық құрғауды, сұрыптау кезінде 30%-ы бұзылатыны қосылған). Нәтижесінде қазіргі таңда пияздың өзіндік құны шамамен 85 теңгені құрайды», – деп атап өтті кәсіпкер.

  Жамбыл облысында жыл сайын 400 мың тонна пияз өндіріледі, алайда ішкі сұраныс өңірде 15-18 мың тоннадан аспайды.

 «Қазіргі таңда ҚР Ауыл шаруашығы министрлігінен облыс аумағынан тыс пияз және қырыққабатты шығаруға рұқсат беру бойынша ауызша бұйрық бар. Ол үшін ҚР АШМ аумақтық инспекциясынан фитосанитарлық сертификат алу керек, оған өтінімді жүк көлемі, жүк көліктің нөмірі мен түрін көрсетіп, Egov арқылы өтінім беру керек. Өтінімді қарау мерзімі 5 жұмыс күні, бұл процедура өте ұзақ, өйткені көлік құралдары кәсіпкерді осынша уақыт күте алмайды», – деді Жамбыл облысы ӨКП АӨК бөлімінің бастығы Ермек Ділдәбеков.


Серіктестер