«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Алматы облысының жаңа ауданындағы бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер

2018 жылғы 25 Мамыр
- Жетісу облысы
8259 просмотров

Өңірде «Бастау» жобасы жүзеге асырылады

Осы жылдың сәуір айының басында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысының Райымбек ауданын Кеген және Райымбек аудандарына бөлу туралы жарлыққа қол қойды. Кеген ауданының әкімшілік орталығы болып Кеген ауылы, ал Райымбек ауданында Нарынқол ауылы бекітілді. Нарынқол ауылы аудан орталығы мәртебесінде осыған дейін 21 жыл бұрын болды. Осы уақыт ішінде Нарынқол мен жақын маңдағы ауылдар адам танымастай өзгерді. Ғимараттар қирап, халық жаппай көше бастады, ал кәсіпкерлік тиімсіз және бәсекеге қабілетті емес сала болып шыға келді.

Енді нарынқолдықтар үшін үміт оты жанды. Аудан басшылығына мемлекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын іске асыруды жылдамдату туралы міндеті тұр.

Бұнымен қоса, аудандағы бизнестің дамуына Кәсіпкерлер палатасының бастамалары да өз септігін тигізбек. Сондай бастамалардың бірі - «Бастау» жобасы. 24 мамыр күні ауданда тестілеу өткізіп, 40 азамат оқуға қабылданды.

Айта кетейік, өткен жылы «Бастау» жобасы Кеген ауылында өтіп, нәтижесі бойынша 25 қатысушыға шағын несиеге қол жеткізген болатын. Биыл Кеген ауылымен қатар, оқу бірінші рет Нарынқол өңірінде өтеді.

Қатысушыларға қолайлығы үшін оқыту Райымбек ауданының Текес ауылдық округінде өтуде. Болашақ кәсіпкерлермен алғашқы кездесуге облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов, Өңірлік кеңес мүшесі Талғат Нүсіпқожаев, аудан әкімі Жолан Омаров келді.

Жиында сөз алған Нариман Әбілшайықов «Бастау» жобасы жеке істі ашу мен дамытуда жақсы мүмкіндік екенін атап өтті.

«Жобаның іске асырылуы сіздерге және жалпы аудан үшін жаңа мүмкіндік. Қазір ауданда кәсіпкерліктің қай саласы болмасын, барлығына сұраныс жоғары. Табиғат пен ауа райы жағдайы, орналасқан жері мал шаруашылығымен бірге құс шаруашылығын, туризмді дамытуға, шағын сүт-тауарлы фермаларды ашуға, қызмет көрсету саласындағы нысандарды құруға мүмкіндік туғызып отыр», - дейді Нариман Әбілшайықов.

Кәсіпкерлікте өз бағытын таңдағандардың бірі Қақпақты ауылының тұрғыны - Ернат Қасымов. Алайда осыған дейін бизнесті бастап кетуге тәуекел ете алмай жүрді. «Бастау» жобасы Ернатқа өзіне деген сенімділікті күшейтті. Сондықтан уақыт өткізбей, мемлекеттік көмек алуды шешті.

«Қазір жаңа білім мен жоғары кәсіби біліктілік заманы. Жоба туралы естіп, бірден оқуға жазылдым. Сабақтарда салық түрлері, маркетинг, ауыл шаруашылығы кооперативтін құрудың мүмкіндіктері туралы білгім келеді. 40-қа келсем де, жаңа белесті бағындыруға дайынмын. Білім алу ешқашан кеш емес сияқты», - дейді ол.

«Бастаулықтарға» жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер де көмек қолын созуға дайын. Өңірлік кеңес мүшесі, «Өркен» шаруа қожалығының басшысы Талғат Нүсіпқожаевтың сөзінше, көп іздеген адам, мыңдаған даму мүмкіндігін табады.

«Мен 25 жыл бойы ауыл шаруашылығымен айналысып келемін. Біздің істе оқу-білімді жетілдіріп, инновацияны енгізіп, өнімнің жаңа сорттарын шығарып отыру қажет. Бұл бағытта «Бастау» жобасы таптырмас құрал. Қаржылық және құқықтық сауаттылығымызды арттыратыны аса маңызды. Жоба қатысушыларына алдағы уақытта тұқым, ауыл шаруашылығы техникасы бойынша көмегімізді беруге әзірмін. Жалпы ауданда жұмыс көп, тек талпыныс пен ықылас керек», - дейді Талғат Нүсіпқожаев.

Жаңа ауданның құрылуына байланысты жақын мерзімде Нарынқолда Кәсіпкерлер палатасының филиалы бой көтереді. Аудан әкімі Жолан Омаров «Атамекеннің» филиалы үшін жеке ғимарат салынатынына сендірді.

«Кәсіпкерлер палатасының атқарған жұмысы арқасында кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейе түсті. Бизнес өкілдері кеңесші-сабағаттық органдардың жұмысына белсене қатысып, онда бизнестің көптеген көкейтесті мәселелері шешілуде», - дейді аудан әкімі.

Омаровтың сөзінше, ағымдағы жылы ауданда сервистік дайындық орталықтары, сүт-тауарлы фермасы құрылатын болады.

Еске салсақ, ауданда «Бастау» бойынша оқыту 28 мамыр күні басталды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер