«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Алматы облысы кәсіпкерлерінің 900 млн теңге сомадағы мүліктік құқығы қорғалды

2018 жылғы 05 Ақпан
- Жетісу облысы
4611 просмотров

Бұл туралы облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайқов Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының (ӨКП) басшысы кәсіпкерлердің заңды құқығы мен мүддесін қорғау Палатаның негізгі қызметі болып табылатынын айтты. Бұл бағытта өткен жылы 233 өтініш келіп түскен.

«Шағымдардың 80%-і оң нәтижемен шешілді. Мысалы «Сарыөзек мұнай өнімдері» компаниясына құжаттарда қате басылған жазу үшін 5 млн-дық айыппұл салына жаздады. Біздің қолдауымыздан кейін қаулы алынып тасталынды. Жыл қорытындысы бойынша Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің 900 млн-ға жуық сомадағы мүліктік құқығын қорғады», - деді Нариман Әбілшайықов.

«Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының бизнеске сервистік қолдау мен ақпараттық қамтамасыз ету бағыты бойынша жұмыс қорытындысы шығарылды. Осы желі бойынша «Атамекен» ҰКП бағдарлама операторы болып табылады. Кәсіпкерлікке қолдау көрсету орталықтарында  6 437 кәсіпкерге 8086 сервистік қызмет көрсетілген. 17 884 бизнес өкіліне 22 838 ақпараттық қызмет берілген. Сомасы 5 млрд теңгеден астам болатын 432 бизнес-жоспар әзірленіп, оның ішінде 68 жоба 217,1 млн теңгеге қаржыландырылған.

«Біз мемлекеттік бағдарлама аясында «Бизнес мектеп» компонентін жүзеге асырамыз. Оның аясында «Бизнес кеңесші», «Бизнес Өсу», ««Тәлімгерлік қағидаларын қолданатын Жобалық оқыту» жобалары бойынша кәсіпкерлікке негіздеріне оқытамыз. «Бизнес кеңесші» екі күндік оқыту жобасы аясында 1 393 адам біліп алып, кәсіпкер ретінде 197 қатысушы тіркеліп, 260 жұмыс орнын ашқан. 120-сы жалпы сомасы 340,4 млн теңге болатын қаржыландыруға қол жеткізген», - деп атап өтті облыстық Палата басшысы.

Нариман Әбілшайықов пилоттық режимде 2017-2021 жылдарға арналған Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылған кәсіпкерлікке оқытуға бағытталған «Бастау Бизнес» жобасының нәтижелерімен таныстарды. Өткен жылы «Бастау Бизнес» бойынша 1312 жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар қатысып, 285 қатысушы өз ісін ашқан. Олардың жобасы 1 млрд теңгеден астам сомаға қаржыландырылды.

«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Атамекеннің» бизнесті оқыту жөніндегі жұмысын жоғары бағалады. «Бастау Бизнес» осы жылы барлық аудандарда, Қапшағайдан басқа Талдықорған және Текелі қалаларында өткізіледі. Бағдарлама бойынша оқып шыққан азаматтарды бизнес ашқан соң бір жыл бойы сүйемелдейміз, барлық операциялық сұрақтар бойынша кеңестер береміз», - деп қосты Нариман Әбілшайықов.

Өткен жылдан бастап Кәсіпкерлер палатасы шағын индустриалды аймақтарды ашу мен дамыту жұмысын қолға алды. Шағын индустриалды аймақтарды дамыту негізі тоқтап қалған кәсіпорындар негізінде бизнес-инкубатор ашумен байланысты. Қазіргі таңда бірнеше кәсіпорындармен келісімге қол жеткізілген. Ендігі таңда осы кәсіпорындар ішінде кәсіпкерлерге жеңілдікпен орындар жалға берілетін болады.

Агроөнеркәсіптік кешен бағытында Ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесе ӨКП 145 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Олардың ішінде 28-і 1,7 млрд теңгеге қаржыландырылған. Кәсіби біліктілікті арттыру мен алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу бойынша тәжірибемен бөлісу мақсатында 1338 шаруа қожалықтары, кәсіпорындарының басшылары мен жұмысшылары үшін 42 тегін семинар ұйымдастырылды.

«2017 жылдың қазанынан бастап облыстық Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен «Жұмысшы мамандықтарды Қытайда меңгерейік» атты әлеуметтік білім беру жобасы іске асырылып келеді. ҚХР-дың үш колледжімен қазақстандық студенттерге тегін кәсіптік білім беру бойынша меморандумға қол қойылды. Келісім аясында Алматы, Қостанай облыстарынан, сондай-ақ, Алматы және Астана қалаларынан 24 жас туризм, ІТ, тау ісі, мұнай-химия, ветеринария, дәнекерлеу ісі, мұнай және газды пайдалану, геология, қаржы және экономика, металлургия, электротехника, инженерлік өлшемдер техникасы мамандықтары бойынша білім алуда», - деді Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов.

2017-2021 жылдарға арналған Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпорындар негізінде ашылған 7 оқу орталығында жұмыссыздар үшін қысқамерзімді кәсіптік оқыту жүргізілген. Кәсіптік оқытуға 314 азамат қатысып, оның 156-ы жұмыспен қамтылды.

Нариман Әбілшайқов 2018 жылы бірнеше ауданда «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет атқаратын толықформатты Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылатынын жеткізді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер