«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Бастау Бизнес»: Мал алып, кәсіп ашқандар

2017 жылғы 27 Желтоқсан
- Жетісу облысы
1787 просмотров

Мемлекеттік қолдау арқасында 285 азамат өз ісін бастаған

Алматы облысы аграрлы-индустриалды аймақ болған соң, негізінен өңірде кәсіпкерлер мал шаруашылығын дамытуға мүдделі. Бөлінетін несиелердің басым көпшілігі мал жүргізу ісімен байланысты. 2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында іске асырылған «Бастау Бизнес» жобасына Алматы облысынан 1500-ға жуық адам қатысып, оның 285-і кәсіп ашты. Кәсіпкерлер жобасы 1 млрд теңгеге қаржыландырылды. Айтуларынша, биыл бұл мемлекет тарапынан көрсетілген айтарлықтай көмек болды. Себебі, несиелер төмен мөлшерлемеде 6%-бен берілді. Аталмыш қаржыға қол жеткізу үшін жұмыссыздар мен шағын кәсіпкерлер «Бастау Бизнес» жобасына жазылып, бизнес негіздерін оқытатын бір айға жуық курсқа жазылу шарт.

2017 жылы «Бастау Бизнеске» жазылып, мемлекет тарапынан қолдауға қол жеткізгендердің бірі - Еңбекшіқазақ ауданы, Тескенсу селолық округі, Толқын ауылының тұрғыны Асылхан Мұхтарханұлы. 11 жыл бұрын Қытайдан қоныс аударған. Көп кешіктермей шаруа қожалығын құрып, азын-аулақ мал өсірді. Ақпарат құралдарынан кооператив құрудың тиімділігін естіп, биыл маусым айында 30 адамның басын біріктіріп, «Жиделі байсын» атты ауыл шаруашылығы кооперативін құрды. Кооператив мүшелері де оқу курсына жазылып, қаражатқа қол жеткізді.

«Қазіргі таңда санымыз 60-қа жетті. Жалпы сомасы 75 млн теңге несие алып, оған 270 сиыр алдық. Өзімізде бар малмен барлығы мыңға жуық ірі қара болды. «Адал» сүт компаниясымен келісім-шартқа отырып, сүт өткізетін болдық. Шамамен күніне екі тонна сүтпен қамтамасыз ете аламыз», - дейді кәсіпкер.

Асылхан Мұхтарханұлының айтуынша, мемлекеттік қолдауды көрген ауыл тұрғындарының бизнес жүргізуге деген ынтасы мен сенімі артқан.

Ерсін Керімқұлов - Үкімет пен «Атамекен» ҰКП қолдауының шапағатын көріп келе жатқан жас кәсіпкер. Ол Жамбыл ауданы Дегерес ауылында тұрады. Мемлекеттік бағдарлама аясында қорасында тұрған бір-екі малының үстіне жаңа 12 бас сиыр алып, көбейтті. 

«Дегерес ауылы аудан орталығынан 50 шақырым жерде орналасқан. Шалғай жатқан елдімекендегілер үшін несие алу өте қиын екенін білесіздер. Биыл «Бастау Бизнес» жобасына қатысып, көптеген ауыл азаматтары серпіліп қалды. Өз басым 3,5 млн несие алдым. Мамандығым агроном болған соң, кәсіпкерлік негіздері бойынша білім көптік етпеді. Әсіресе, ақшамен жұмыс істеу, мақсатты-мақсатсыз жұмсау сынды өзекті мәселелерді меңгердік», - дейді ол.

Қарасай ауданы Тұрар ауылының тұрғыны Нұрдаулет Ділдәбаев та төмен мөлшерлемедегі несиенінің пайдасын іс жүзінде көріп отыр. Осыған дейін оның 15 сотық жері болған. Ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы 6 млн қаражатқа қол жеткізіп, 21 бас ірі қара мал сатып алды. Мал үшін қорасын салып, жағдай жасады. Ендігі мақсаты - малдың саны мен сапасын арттыру.

«Биыл «Бастау Бизнес» жобасы Алматы облысының жеті ауданында пилоттық режимде жүзеге асырылды. 2018 жылы оқыту барлық аудандарда жүргізіледі деп жоспарлануда. Себебі, бағдарлама өз мақсатына жетіп, көптеген адамға бизнес ашуға, жалпы жаңа бағытты игеруге қолдау көрсетті. Бір жыл көлемінде Кәсіпкерлер палатасы жобаларды сүйемелдеумен айналысып, барынша қолдау білдіріп отырады», - дейді Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлікке қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Ерлан Датқаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер