«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнеске кім кедергі?

2017 жылғы 07 Ақпан
- Жетісу облысы
8937 просмотров

Ауыл кәсіпкерлері әкімшілік кедергілер туралы айтып берді 

Алматы облысында аудандық (қалалық) кәсіпкерлер палатасы директорларының есептік кездесулері жалғасып жатыр. Кербұлақ аудандық Ұлттық кәсіпкерлік палатасының директоры Болат Тастанбеков Сарыөзек кентінде жергілікті бизнес өкілдерімен кездесіп, есеп берді. Оның айтуынша 2016 жылы 3 мыңнан астам кәсіпкер мен аудан тұрғындары бизнес ашу және жүргізу бойынша кеңес алған.  Кеңес алған адамның 52-сі мемлекеттік бағдарламаларда қатысу үшін бизнес-жоспар әзірлеген. «Бизнес-өңірлер» ҰКП қанатқақты жобасы аясында ауданның 8 кәсіпкері жалпы сомасы 48 млн теңгені құрайтын шағын несие алған.    

«Жылдан жылға бизнес өкілдерінің Палатаға деген сенімі артып келеді. 2016 жылы кәсіпкер Байғазы Төлеуовтың жерге қатысты дауын шешіп, кәсіпкерге заңды 769 гектар жерін қайтарып бердік. Сонымен қатар жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық бақылау орнатқан әкімшілік кедергіні алып тастадық. Біздің қызметте әр кәсіпкердің даусын есту жауапкершілікті іс. Осы бағытта прокуратура, мемлекеттік органдар, даму институттарымен бірлесіп, барлық ауылдық округтарына барып, халыққа мемлекеттік бағдарламаларды, әлеуеметтік кәсіпкерлік корпорацияларды құру бойынша заңнаманы таныстырдық. Ауылдарда қолма-қол кеңес беріп, тұрғындардың өтінімдерін жазып алдық», – деді Болат Тастанбеков. Жұмыстың жүйелілігі мен тиімділігінің артуына өткен жазда құрылған Кәсіпкерлердің аудандық кеңесі де оң әсер етті.

Алматы облысы өңірлік палатасының директоры Ләззат Чинкисбаева мемлекеттік органдар өкілдерін жергілікті бизнес мәселелерін шешу үшін аудандық кеңестермен етене жұмыс істеуге шақырды. 

«Елбасының жаңа Жолдауы толығымен бизнес саласына бағытталып отыр. Басымды міндеттерді орындау «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жүктелген. Өңірлік деңгейде бұл тапсырманы жүзеге асыру бойынша Палата филиалдары жұмыс істейді. Сондықтан біз сіздердің ортақ мүддесі бар серіктестеріңіз болып табыламыз», – деп атап өтті Палата басшысы.

Аудан әкімі Бағдат Әлиев Палата директорын сөзін қолдап, кәсіпкерлермен жиі кездесіп, кәсіпкерлер Кеңесімен белсенді жұмыс істеуге дайын екенін алға тартты.  

Өңірлік Кеңестің төрайымы Римма Салықова, кәсіпкерлерге өзге сұрақтардан гөрі өзекті мәселелерді талқылап, шешуге шақырды. 

«Өңірлік кеңестің өкілдері, ӨКП дирекциясы аймақтарға жүрдім-бардым қарап, есеп үшін бармайды. Біз кәсіппен айналысуға кедергі болып жатқан мәселелрді білу үшін келдік. Белгілі болғандай ауылдарда әкімшілік кедергілер аз емес. Егер мәселелерді біле отырып, олар туралы айтпай, орталыққа шағымданбай, әрекет қылмаса, олар сол күйі шешілмей қалады», – деді Кеңес төрайымы. Кәсіпкерлер кедергілердің үлкен парасы жер қатынастары, сәулет және құрылыс салаларында екенін алға тартты. Олардың айтуынша жергілікті шенеуніктер себепсіз құжаттарды рәсімдеу үдерісін созып алады. Мәселен, дүкен ашпақ кәсіпкердің жер беру өтінішін меморган үш ай бойы қарастырып жатыр.

Облыстық Іскер әйелдері кеңесінің өкілі Мамила Мусабекова іскер әйелдердің жергілікті экономика дамуына қосқан үлестері туралы, айтып, Кеңестің әйелдердің бастамаларын қолдайтынын атап өтті. Мысалы, аудан орталығында Мамила ханым «Ырыс» атты сауда орталығын ашып 80 адамды жұмыспен қамтыды.

Өз кезегінде «Даму» қоры кәсіпкерлерді қолдау Орталығының менеджері Ыбырай Меңдібаев несиелеу саласындағы тың өзгерістер туралы айтып, бизнесмендердің сұрақтарына жауап берді.  

Кербұлақ ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жетекшісі Айгүл Диқанбаева бизнес-қоғамдастыққа  алғысын білдірді. Оның айтуынша, әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруда бизнесмендер асқан белсенділік танытып отыр екен.

Есептік кездесу шеңберінде Өңірлік кеңес үшелері мен ӨКП өкілдері «Шодиев» шаруа қожалығына барып қайтты.

«Бұл шаруашылықта 6 мыңнан астам ірі қара мал бағылып отыр, үлкен бордақылау алаңы бар. Соңғы бес ай бойынша Алматы қаласы мен аудандары сөрелеріне 500 тоннадан астам етті жеткіздік. Енді шаруашылықтың негізінде әлеуеметтік-кәсіпкерлік корпорация құру ойымызда бар», – деп ойымен бөлісті шаруашылық иесі Файзулла Шодиев. Өңірде тағы бір ӘКК «Ақбұлақ» ет комбинаты негізінде құрылатын болады. Жеке кәсіпкерлік иесі Баясалы Ақбасовтың айтуынша комбинат өткен жылдың қазан айында іске қосылған, осы уақыт ішінде түрлі ет өнімдерін Алматы қаласы базарларына жеткізген.

Жалпы жергілікті кәсіпкерлер палатаның атқарған жұмысына қанағатты. кездесу барысында бизнесмендердің жұмысты жақсарту бойынша ұсыныстары тыңдалды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер