«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қытайлық инвесторлардың толық реестрін құру ұсынылды

2017 жылғы 24 Қаңтар
- Жетісу облысы
8355 просмотров

Инвесторлар тізімі ынтымақтастықтың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуі тиіс

Ынтымақтастық саласына қатысты осы және өзге де мәселелерді, «Нұрлы жол» және Жібек жолы экономикалық белдеуінің түйісуі» атты халықаралық дөңгелек үстел барысында, облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаева жеткізді. Айта кетерлігі, шараны Қазақстан Республикасы Президенті-Ұлт көшбасшысы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты мен Алматы қаласындағы ҚХР бас консулдығы ұйымдастырды.

Қазақстан-Қытай байланысының ерекшеліктеріне тоқталған Ләззат Шыңғысбаева, қытайлық инвесторлар жобаға мемлекет тарапынан кепілдік сұрап жатқанын айтты. 

«Инвесторлармен жұмыс жасау барысында, бізге қытайлық әріптестер жобаға мемлекет кепілдік беруі керек деген талап қойды. Әр бизнес – үлкен тәуекелді талап етеді. Ендеше, мұндай жағдайда мемлекет инвесторға қандай кепілдік бере алады? Сондай-ақ, табыс инвестордың өзінде қалады, мемлекет олардың табысын тартып алмайды ғой? Және жалпы аталған процедура көлемді және мерзімі бойынша да айтарлықтай уақытты алады. Осыған сәйкес, кепілдемені даярлау уақытында, бизнес-жоба тиімсіз әрі пайдасыз болуы мүмкін. Сондықтан бізге бұл тәжірибеден бас тарту керек», – дейді Ләззат Шыңғысбаева.

Сонымен қатар, ол ҚХР бас консулдығы мен бизнес-қоғамдастығы қазақстандық жобаларға сын көзбен қарап отырғанын да тілге тиек етті. Осылайша, облыстық Палата директорының айтуынша, процедураның ашықтығына қол жеткізу үшін, ҚХР мүдделі инвесторлар реестрін құру қажет.

«Қытай біздің экологиялық таза өнімдерімізге қатты қызуғышылық танытып отыр, біздің фермерлер өнімді жеткізуге даяр және бірлесе жұмыс жасаудан бас тартып отырған жоқ. Бірақ қытайлық кәсіпкерлердің таңдау принциптеріне сүйенетінін байқадық. Кәсіпкерлердің барлығы бірдей Қытай нарығына шыға алмайды. Себебі, олардың үкіметі өнімді елге әкеле алатын, бірнеше қазақстандық компанияларды ғана таңдаған. Яғни, ҚХР тек үздік өндірушілермен ғана жұмыс жасайды. Біз де осы тәжірибені енгізсек, оған қалай қарайсыздар?! Мысалы, бізге қытайлық инвесторлар өтініш білдірген уақытта, біз олардың кез келгенін өңір басшылығымен, кәсіпкерлермен кездестіреміз, келісімшарттар мен меморандумдарға қол қойып жатамыз. Алайда, көп жағдайда, аталған компаниялар уақыт өте келе Қазақстанға инвестиция құюдан бас тартып жатады немесе компанияның әлеуеті оған мүмкіндік бермей жатады. Осыдан келіп, қазақстандықтардың қытайлық компанияларға деген сенімі жоғалып, ҚХР кәсіпкерлерінің беделі түсіп жатады. Бұдан кейін инвесторларды отандық кәсіпкерлер серіктес ретінде қабылдай алмайтын жағдайлар да орын алып жатады. Сол себепті, қытайлық тарапқа ісіне жауапты, тексерістен өткен, нақты инвесторлар реестрін құру туралы ұсыныс айтып отырмыз. Сонда біздің кәсіпкерлер олармен делдалдар арқылы емес, тікелей байланысқа шыға алатын болады», – деп атап өтті Палата басшысы.

Бұдан бөлек, облыстық Палата басшысы ҚХР-ның Алматыдағы бас консулы Чжан Вэй мырзаға, қытай тарапы қатысқан кәсіпорындардың табысты жұмысын көпшілікке белсенді түрде таныстыру жұмысын қолға алу туралы ұсыныс білдірді. Қазақстандағы консулдықтың мәліметіне сәйкес, мұндай компаниялардың саны 2600-ден асады екен.

«Бүгінгі таңда қытайлық кәсіпорындарға қатысты жалған, теріс ақпараттар өте көп. БАҚ-да жасанды, табиғи емес өнімдерді шығару, әлемнің түрлі елдерінде егіс аумағы көлемінің бұзылуы сынды мәселелер жарияланып жатады. Мұндай деректерден кейін, шаруалар бірлесе отырып жұмыс жасаудан бас тартатыны анық. Сол себепті, консулдық Қазақстан мен Қытай бірлесіп құрған компаниялардың сәтті тәжірибесін неліктен белсенді түрде насихаттамасқа?», – деді Ләззат Шыңғысбаева.

Дөңгелек үстел барысында бас консулдық өз қызметінің негізгі төрт  бағытына тоқталып өтті. Олар –  туризмді дамытуды зерттеу және іскерлік ынтымақтастыққа қатысты өзара байланыс орнату, ауыл шаруашылығы бағытындағы жобаларды дамыту, мәдени байланыс және қауіпсіздікті нығайту. Өңір өкілдері, өз кезегінде, ынтымақтастық мәселесінде, әр облыстың өзіндік ерекшеліктерін ескерген жөн деген пікір айтты.

Сондай-ақ, Кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің Гонсю провинциясындағы техникалық және политехникалық білім беру мекемелеріне жасаған іскерлік сапарларынан кейін, тараптар, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан қазақстандық студенттерге, ҚХР білім беру мекемелерінде оқу үшін, арнайы квота бөлу туралы келісім жасағандарын мәлімдеді. Ал, биыл күзде Қытай, Алматы облысы және Қазақстанның өзге де өңірлерінің бизнес-ханымдарының кезекті іскерлік форумын өткізу жоспарланып отыр. Естеріңізде болса, бұған дейін мұндай ауқымды форум «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығында, Алматы облысы Іскер әйелдер кеңесі мен Қорғас қаласы іскер әйелдері арасында өткен еді. Нәтижесінде қос тарап ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын.

Айта кетер жайт, халықаралық дөңгелек үстел Қазақстан және Қытай арасындағы ресми дипломатиялық қарым-қатынастарға 25 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Шараға Қазақстан (Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары) мен Қытайдың жетекші сараптамалық, мәдени-білім ұйымдары мен бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер