«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ауыл кәсіпкерлерін алаңдатқан олқылықтар

2016 жылғы 23 Желтоқсан
- Жетісу облысы
7230 просмотров

Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі ауыл кәсіпкерлерінің арыз-шағымдарын тыңдау үшін ауданға ат басын бұрды

Қаратал ауданында облыстық Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Бастөбе ауылының Мәдениет сарайында өткен Кеңестің есеп беру кездесуіне Өңірлік кеңестің төрайымы Римма Салықова, аудан әкімі Қайрат Бейсенбаев, сондай-ақ прокуратураның, облыстық соттың, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының, ветеринария бөлімінің, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілдері қатысты. Жиналысқа Көксу және Ескелді аудандарының кәсіпкерлері де шақырылды.

Жиынды аша отырып, Өңірлік кеңестің төрайымы Римма Салықова қадағалаушы орган кәсіпкерлердің ең маңызды мәселелері мен оларды шешу жолдарын қарастырғанын атап өтті.

«Біз бүгін Кеңестің 14-отырысын өткізіп жатырмыз. Осы жылы 40-тан астам мәселе талқыға салынды. Екі көшпелі жиын болды, соның бірі Алматы қаласының және Қарағанды облысының Өңірлік кеңестері мүшелерінің, «ҚорғасШығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы өкілдерінің қатысуымен «Қорғас» ШЫХО аумағында өтті. Сол жерде біз отандық тауар өндірушілерге Қорғаста кеден бекетінде қолдау көрсету жөніндегі меморандумға қол қойдық. Ауыл кәсіпкерлерінің белсенділігін арттыру мақсатында Өңірлік кеңес 16 аудандық және 3 қалалық кәсіпкерлер кеңестерін құрды. Әсіресе, ауылдағы бизнестің белсенділігі артқандығы қуантады», – деп атап өтті ол.

Қаратал ауданының әкімі Қайрат Бейсенбаев өз кезегінде ауданда оңтайлы бизнес-климат қалыптасқанын, оған кәсіпкерлер санының қарқынды өсуі дәлел бола алатынын айтып өтті.

«Бүгінде ауданда 2 367 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді, 6 052 жұмыс орны құрылды. Бюджетке түсетін салық көлемі артып келеді. Биыл бизнестен қазынаға 298,7 млн теңге түсті. Облыста алғаш рет инвестициялық форум өткіздік. Нәтижесінде жалпы сомасы 4 млрд 823,7 млн теңге болатын 6 меморандумға қол қойылды. Оның 2 миллиарды жобаға тартылып үлгерді, қалған қаржы 2017-2018 жылдары игеріледі», – деді аудан басшысы. Сондай-ақ, ол болашақта өнеркәсіптік аймақ құрылып, тағы 5 жобаны іске қосу жоспарланып жатқанын айтты.

Бақылау-қадағалау органының қызметкерлері де ұсыныстарын ортаға салды. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің Алматы облысы бойынша басқармасының аға прокуроры Алмас Үсенбаев тәуекелдерді анықтау әдістемесі бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындысымен таныстырды. Қаратал ауданының прокуроры Құралбек Шойбеков құқық қорғаушы органдардың қылмыстық іс шеңберінде жоспардан тыс тексерістер жүргізу кезіндегі қылмыстық-процессуалдық заңнама талаптарын сақтау жағдайлары туралы айтып берді. Мәселен, осы жылы прокуратура кәсіпкерлікке қатысты 50 заңнамалық құқықбұзушылықты анықтап, соның салдарынан бірқатар лауазымды тұлға жауапқа тартылған.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның облыстық филиалы директорының орынбасары Әмір Серікұлының баяндамасы қызу пікірталасқа ұласты, өйткені қор қаражатты дер кезінде бермеген. Кәсіпкерлер ұйымның мемлекеттік қаржы мен несие беру мерзіміне қатысты ұстанымына қарсы. Мәселен, егіс жұмыстарын несиелендіруге өтінім берген кәсіпкерлерге несие бірнеше айдан кейін ғана берілген, кейбіреуіне тіпті өнімді жинап алған соң беріліпті, ол кезде несиенің қажетсіз болып қалатыны айдан анық. Кеңес мүшелері мен аудан кәсіпкерлері несиені беру тетіктері мен мерзімін қайта қарау туралы ұсыныс білдірді.

Ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар да маңызды болып қала бермек. Соңғы кезде Палатаға салада қызмет ететін уәкілетті органдардың жұмысына көңілі толмаған кәсіпкерлерден келетін арыз-шағымдар жиілеп кеткен. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің сарапшылары жүргізген мониторинг ірі қара малдардың ауруына байланысты, әр ауданда шектеу шараларын орнату туралы шешім қабылданғанын көрсетіп берді. Кейбір аудандарда ауру бір елдімекенде бірнеше реттен анықталған. «Мәселен, мемлекеттік органдар портал арқылы жүргізген мемлекеттік сатып алулар порталының 2016 жылға арналған мониторингісі мемлекеттік органдардың бекітілген сатып алулар жоспарын орындамайтындығын көрсетті, салдарынан кәсіпкерлердің егу, эпизоотияға қарсы шаралар өткізу, ауыл шаруашылығы дақылдарының ауруға шалдыққанын зерттеуге қатысты  қызмет түрлерін алу бойынша құқықтары бұзылуда. Аумақтық филиалдар берген деректер бойынша, ветеринария саласындағы түйткілді мәселелердің бірі – малдарға арналған вакцинаның дер кезінде жеткізілмеуі, ауыл шаруашылығы малдарын сәйкестендіру базасы толықтай жасалмаған, бұл ветеринарлық сертификаттарды беру кезінде тұрғындардың жанжал шығаруына алып келеді; эпизоотияға және энзоотикаға қарсы дәрі-дәрмектер алуға бөлінген қаражат толықтай жетпейді, бұл заңға қайшы әрекеттерді жүзеге асыруға алып келеді; барлық ветеринариялық бекеттер ауыл әкімдіктерінде орналасқан. Ол жерлерде тиімді жұмыс істеуге жағдай жасалмаған», – деді Кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлердің құқықтары қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы, Өңірлік кеңестің хатшысы Әділет Сұлтанбек.

Түйткілді мәселелер бойынша пікірталастан соң Өңірлік кеңестің төрайымы Римма Салықова Кәсіпкерлер палатасының қызметкерлерін, Өңірлік кеңестің мүшелерін және бизнес-қауымдасықтардың өкілдерін марапаттады.

Бұдан бөлек, Өңірлік кеңестің жыл соңындағы жиынында 2016 жылғы жұмыс қорытындылары талқыланып, келесі жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Римма Салықова 2017 жыл Аудандар жылы болатынын атап өтті. Өңірлік кеңес аудандық және қалалық кәсіпкерлер кеңестерімен бірлесе отырып, жергілікті жерлерде белсенді жұмыстар жүргізуді жалғастырмақ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер