«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнеске қағазбастылық қажет емес

2016 жылғы 07 Желтоқсан
- Жетісу облысы
6249 просмотров

Кәсіпкерлер апаттық-құтқару қызметімен келісімшартқа отыруға қарсы шықты

Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңестің жиырмасыншы отырысы өтті. Кеңес мүшелері үш мәселені қарады. Бірінші түйіткілді мәселе «Суффле Қазақстан уыт зауыты» АҚ тап болған әкімшілік кедергіге қатысты болды. Компанияның Басқарма төрайымы Анар Сүлейменованың айтуынша, былтыр Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаменті «Азаматтық қорғау туралы» заң бойынша заңбұзушылық орын алғанын анықтаған. Нәтижесінде АҚ-да апаттық-құтқару қызметі мен апатты жою жоспары жоқ болып шыққан. Алайда, заңнаманың бұл заң талаптарын орындау және апаттық-құтқару қызметімен келісімшартқа отыру мәселесі көптеген мәселелер тудырады. Өйткені Талдықорған қаласында және өңірде әскериленген апаттық-құтқару қызметтері жоқ.

«Таяу маңдағы қызмет тек Алматы қаласында ғана орналасқан. Ал қызмет көрсету туралы келісімшарт жасау тиімсіз. Төтенше жағдай орын алған кезде апаттық құтқару қызметі дереу қимылдап, өз міндеттерін атқара алмайды. Өйткені қауіпті нысанмен арадағы арақашықтық 300 шақырымнан асады.  Сондықтан да кәсіпкер үшін келісімшартқа отыру тек қағаз жүзінде ғана қалып, қосымша шығын әкеледі», – деп түсіндірді Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің сарапшысы Рақым Жанысов. Келісімшартқа отыру және ары қарайғы қызмет құны, мысалы, «Суффле Қазақстан» үшін жылына 2 млн 200 мың теңгеге түседі.

Ақпарат бойынша, Алматы облысында кәсіби әскерилендірілген апаттық құтқару қызметімен келісімшартқа отырмаған 358 ұйым бар. Өнеркәсіп қауіпсіздігі талаптарын орындамағаны үшін және 2016 жылдың басынан бері келісімшарт жасамағаны үшін 26 компания әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал қызмет көрсететін мекемелер Қазақстан бойынша бар-жоғы 35 қана. Біздің облыста олардың екеуі ғана жұмыс жасап жатыр.

Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы Баниямин Файзуллин департаменттің Өрт сөндіру мен апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің өкіліне «бұл талап жай ресми түрде ғана» екенін айтты. «Егер қандай да бір апат орын алса, қызмет көрсетушілер қалай жетпек? Егер ол кәсіпорынға жақын орналаспаса, тіпті қиын. Талап етпес бұрын, алдымен жағдай жасау керек. Осыдан келіп мынадай сұрақ туады: апаттық қызмет кәсіпорындарға қалай қызмет көрсетпек? Жылына бір рет қана тексеріп, қағаз толтырғаны үшін 2 млн теңге жұмсала ма? Сіз үнемі кәсіпкерлер ананы жасау керек, мынаны істеу керек дейсіз, ал кәсіпкердің бұдан басқа да құқықтары мен міндеттері бар ма?» – деп сұрады Баниямин Файзуллин.

Өз кезегінде, мемлекеттік орган өкілі жыл соңында ешқандай тексерулер болмайтынын және де бизнеске ешқандай айыппұл салмайтынын нақтылады. Сонымен қатар Палата аталмыш мәселенің Үкімет пен Бас прокуратураның қарауында екенін айтты. Сондықтан мәселені шешу үшін тиісті ұсыныстар жіберілетін болады.

Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес Бәсекелестікті қорғау және табиғи монополияларды қалыптастыру жөніндегі комитет департаменті жанындағы Тариф бекіту мәселелері жөніндегі сарапшылық кеңес қызметінің мониторинг нәтижесін талқылады. Мониторинг өткізуге жобаларды талқылау регламентін бұзу себеп болған. Бүгінгі күнге дейін облыс бойынша 127 ұйым әрекет етсе де, Сарапшылық кеңес небәрі 3 табиғи монополия субьектісінің тарифтік жобаларын қараған. Әкімшілік күресті азайту және кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі бөлімнің сарапшысы Диас Оташбаевтың пікірінше, тарифтерді бекіту тәртібі бұзылып отырғанын айтады.

«Осылайша Алматы облысында тіркелген табиғи монополиялардың басқа да 124 субьектісінің тарифтері мен тариф сметалары қайта қаралып, департамент оларды Сарапшылық кеңес отырысында сараптамалар мен талдаулар жүргізбей-ақ бекітуі мүмкін. Алматы облысы бойынша бәсекелестікті қорғау және табиғи монополияларды реттеу жөніндегі департамент тарифтерді бекіту тәртібін ғана емес, сонымен қатар тарифтерді қалыптастырудың және олардың шекті деңгейлерінің ашықтығының негізгі қағидалары да өрескел бұзып жатыр», – деп толықтырды сарапшы.

Департамент маманы, өз кезегінде, Кеңес мүшелерінің барлығы қатыса алмағандықтан, тек бірнеше отырыстар ғана ұйымдастырылатынын атап өтті. Олардың айтуынша бір күнде 31 Кеңес мүшесін жинау мүмкін болмай тұр. Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы Баниямин Файзуллин Кеңес туралы ережені өзгертуді ұсынды. Оның айтуынша, жұмыс органының регламентін бұзғандарды шығарып, орнына жаңа мүшелерді алу керек. Бұдан басқа, Кеңес қызметінің тарифтерді (табиғи монополиялар субьектілерінің тарифтері және отырыстарда олардың міндетті сараптамалары мен талдаулар өткізу) бекіту тәртіптерін сақтау-сақтамауын тексеру туралы прокуратураға тапсырма берді.

Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес мүшесі Рүстем Хәкімов Сарапшылық кеңес жұмысының үлгісін өзгертуді және оның қызметіне жаңа технологиялар енгізуге ұсыныс білдірді.

Талдықорған қаласының орталық базарындағы кәсіпкерлерден келген өтініштер қаралды. Үш жылдан бері олар жергілікті атқару органынан орталық тазалау жүйесіне қосылуға көмек сұрап, қол жеткізе алмай келеді. Бұл олар үшін әжептеуір дәрежеде қиындық тудырады. Қазіргі таңда жоғарыда көрсетілген әрбір сауда нысанының жасанды жабдықталған тұнба құдықтары бар. Бұл құдықтар жиі толып, айналадағылардың денсаулығына зиян келтіретін жаман иіс бөледі. Ал сауда нысандарының маңында жекеменшік қазандықтардың болуы қоршаған ортаға мүлдем кері әсер етеді.

2014 жылы әкімшілік тексеру нәтижесі бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын өткізу және жобалық-сметалық құжат жасауды жұмыс жоспарына енгізу туралы ұсыныс тасталған.

Алайда кәсіпкерлер проблемалары бүгінгі күнге дейін өз шешімін таппады. Құдық толған сайын оны тазалау қажет, бұл дегеніміз қосымша шығынға әкеледі. Жергілікті атқарушы орган өкілдері проблемамен таныс екендіктерін айтып, мәселені шешуге уәде берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер