«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қытайда Өңірлік картадағы жобалар таныстырылды

2016 жылғы 26 Қазан
- Жетісу облысы
8539 просмотров

Қазақстандық кәсіпкерлік жобаларының таныстырылымы Хунань өлкесінде өтті

Қазақстандық бизнесмендерден тұратын делегация Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасындағы жобаларға инвестиция тарту мақсатында Қытай Халық Республикасында іссапармен жүр. Бұл бастама бизнес пен инвесторлар арасында сұхбат алаңын жасаған «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына тиесілі. Негізінен, Алматы облысынан «Ирада-Балық» ЖШС (Бекіре тұқымдас балықтарға арналған сумен қамтудың жабық циклін орнату құрылысы және балық өнімдерін қайта өңдеуге арналған зауыт құрылысы) мен «Кринтел» ЖШС өз жобаларын ұсынды. Айта кетерлігі, бірінші жоба қаржыландырылып үлгерді, ал екінші жоба бойынша инвестиция тарту жұмыстары жалғасып жатыр.

Сапар аясында кәсіпкерлер Хунань провинциясының Халықаралық сауда-саттықты дамытуға көмектесу комитетінің басшыларымен кездесіп, ғылыми-техникалық және инновациялар семинарына қатысты. Қытай инвесторлары мен компанияларын қазақстандық кәсіпкерлердің жобалары таң қалдырды. «Ирада-Балық» ЖШС директоры Суриям Изимованың айтуынша, Қытай бизнесмендері әріптестік орнатуға ықылас білдіріп отыр.

Роуд-шоу кезінде кәсіпкер Суриям Изимова жобаның мақсаттары, ерекшеліктері және тиімділігі туралы айтып берді. Оның айтуынша, бекіре тұқымдас балықты өсіру мен балық өнімдерін қайта өңдеуге бағытталған құрылыстар облыс аумағында ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша серпінді жоба болуы тиіс.

«Балықты өсіру мен қайта өңдеудің жаңа технологияларын енгізу кәсіпорынға балық өнімдерінің өзіндік құнын арзандатуға, сапасы мен тауарлық түрін арттыруға, өнім түрлерін көбейтуге мүмкіндік береді. Жобаның бірегейлігі – біздің кәсіпорнымыздың бағалы бекіре тұқымдас балықтарды өсіруде және сатуда 8 жылдан астам тәжірибеге ие болуында. Өнімді одан ары қарай өңдеу, қара және қызыл уылдырықтар өндіру, дайын өнімді сату барлығы кешенді түрде жобаның басты тұжырымына енеді. Жалпы алғанда, жобаны іске асыру кәсіпорынға келешекте өнімдерді экспорттауға мүмкіндік береді», – деді ол.

«Кринтел» ЖШС жобасында Алматы облысы Қапшағай қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуге арналған зауыт салу қарастырылған. Жобаны іске асыру барысында қоқыстарды жоюдың заманауи және экологиялық тәсілдері пайдаланбақ. Жоба энергия өндіру мен қоршаған ортаны қорғау арасындағы тепе-теңдікті ұстап тұруға бағытталған. Жоба ойдағыдай іске асатын болса, Қапшағай қаласын қатты тұрмыстық қалдықтардан тазартып, қоқыс полигондарын жоюға мүмкіндік береді.

Қытайдың мемлекеттік органдары мен кәсіпкерлік қоғамдастығының алдындағы таныстырылым сәтті өткен соң, B2B форматында өзара тиімді қарым-қатынастар жайы талқыланды.

Қазақстандық делегация іссапар барысында «Вантянь» базары мен бірқатар ірі компанияларды аралайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер