«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жоңышқаның пайдасы

2016 жылғы 10 Қазан
- Жетісу облысы
19253 просмотров

Топырақ құнары артатындай етіп шөпті қалай егуге болады

Ауыл шаруашылығында шөп егу жұмыстары егіншілік мәдениетін көтеретін қуатты тетіктердің бірі. Ол өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын, ара шаруашылығын бір кешенде байланыстырып, мал шарушылығының жем-шөп базасын нығайтады. Шөптердің арасында жоңышқа ерекше сұранысқа ие.  Ол мал шаруашылығында бағалы жем-шөп болып есептеледі. Ал оның дәрілік түрі көптеген көптеген қоректік биозаттар беріп, топырақ құрамын жақсартады. Жоңышқаның осы және өзге де ерекшеліктері «Атамекен» ҰКП Агробіліктілік орталығының семинарлары аясында оқыту жұмыстарын жүргізуге себепші болды. Сабақтар Қарасай ауданында «Коновалов» ЖК базасында өтті. Дәріскер Валерий Лукбанов жоңышқа егіншілігінің ауыл шаруашылығы салаларын қалай жандандыратыны туралы баяндап берді.

«Жоңышқа өсіру ауыл шаруашылығы өндірісін  дамытудың биологиялық факторы болып табылады. Ол биоклиматты, топырақ, су және энергетикалық әлеуетті  толық пайдалануға мүмкіндік береді. Топырақтың құнарлылығын арттырып, эрозиялық үдерістің дамуына жол бермейді. Сондай-ақ  топыраққа техногендік әсерді төмендетеді, топырақ өңдеуді барынша азайтады және техногендік ауыртпашылыққа ұшыраған жерді жақсартады. Егіншіліктің жоңышқа жүйесі ауыл шаруашылығы өндірісін оңтайландыруда жүйелі фактор ретінде қатысады», – деп атап өтті В.Лукбанов.

Осындай шөп түрін пайдалану материалдық шығындарды бір уақытта 50-70%-ға азайтып, бал өндіру мен жем-шөп дайындауды 200-300%-ға, ал астық өнімділігін 20-30%-ға арттырады. Астық себу алаңына жоңышқа отырғызу күздік өсімдіктердің мәселесін шешеді, жерді оңтайлы пайдалануға алып келеді, 1 гектар жерден  10центнер астық алуға және қосымша 70-80 центнер құрғақ масса алуға мүмкіндік береді. Жоңышқаны пайдалану өнімнің ылғал қорын қалыптастырады.

Сондай-ақ, семинарға қатысушыларды шөптердің әсері және олардың зиянкестер мен аурулармен күресудегі рөліне қатысты сауалдар қызықтырды. Жоңышқа егу өсімдіктердің шіріп, зақымдануын күрт төмендетеді. Жоңышқаның тамыры мен топырақ қалдықтары ыдыраған кезінде топырақта дикумарин түзіледі. Ол өз кезегінде зиянкестердің, ауру таратушылардың жойылуына себепші болады.

Естеріңізге сала кетсек, Алматы облысында шілде-қыркүйек айларында 119 оқыту семинары өтті.  Оған 1785 шаруа қожалық басшылары және кәсіпорын қызметкерлері қатысты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер