«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Сауда-логистика орталығы қажет пе?

2016 жылғы 07 Қазан
- Жетісу облысы
6691 просмотров

Кәсіпкерлер сауда-логистика орталығын ашуды ұсынып отыр

Бұл мәселе Кәсіпкерлер палатасында қызу талқыланып жатыр. Белгілі болғандай, ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін тауарларды сату басты мәселеге айналған және де әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Қазіргідей егін жинау науқаны қызған шақта Көксу ауданы Қаратал ауылының және Талдықорған қаласының кәсіпкерлері Палата сарапшыларымен және прокуратура өкілдерімен аталған мәселенің шешу жолдарын талқылау мақсатында кездесті. Кәсіпкерлердің пікірінше, мәселені шешудің тағы бір жолы Талдықорған қаласы маңынан сауда-логистика орталығын (СЛО) ашу. Аталған орталықта өндірушілердің тауарлары көтерме бағамен сатылу керек. Жүк көліктеріне жеңіл болу үшін, СЛО қала сыртында салынғаны дұрыс. Ал Алматыға жақын аудандарда сауда-логистика орталығын ашу маңызды мәселеге айналып отыр.

Қайрат Мамраев – Қаратал ауданындағы «Сабина» шаруа қожалығының басшысы. Ол мал өсіріп, ет өндірумен айналысады. Өнімнің негізгі бөлігін аудан орталығына апарып сатады.

«Жыл сайын кәсіпкерлер өнімін сата алмай қиналады. Әрине, осындай көтерме орталық ашылса жақсы болар еді. Біз өндірушілер ретінде, өндіріп, жеткізіп беруіміз керек. Ал оны сатып таратумен басқа адамдар айналысады. Алайда, егер СЛО ашатын болсақ, біздің тауарларды кім сатып алатын болады деген мәселені шешіп алғанымыз жөн. Кәсіпкерлердің көпшілігінде орынды жалға алып, сатушыларды жұмысқа алуға мүмкіндігі жоқ», – деп атап өтті ол.

Сол себепті кәсіпкерлер орталықта тауарды сатушылар әрекет етуі керек деп есептейді.

«Сауда-логистикалық орталық ашу ауыл шаруашылығы тауарларының бағасын төмендетіп, сондай-ақ олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Сауда орны өндірушілер үшін қолжетімді, ыңғайлы әрі пайдалы болуы керек. Сол себепті қазір прокуратура өкілдерімен бірлесіп аталған жағдайды сараптап, нарық жұмысын зерттеп жатырмыз», – деді ӨКП директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Әсет Шаяхметов.

Естеріңізге сала кетсек, Алматы облысы бойынша сауда және қызмет көрсету саласында 15 177 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде 60 мың адамды қамтып отырған 77 базар бар. 55-і – әмбебап, 4-і – азық-түлік емес тауарлар, 12-сі – мамандандырылған және 6-ы – азық-түлік өнімдері. Палата мамандары жағдайды бағамдау үшін облыстағы барлық 77 базарды зерттеп жатыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер