«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Төл күтімі тақырыбын талқыға салды

2016 жылғы 16 Қыркүйек
- Жетісу облысы
8494 просмотров

Фермерлік шаруашылықта тұқымдық түрлендіру жұмыстарын ұйымдастыру бойынша кәсіпкерлерге оқыту жұмыстары жүргізілді

«Атамекен» ҰКП Агробіліктілік орталығының кезекті семинары Алакөл ауданында өтті. Семинардың тақырыбы «Фермерлік шаруашылықта тұқымдық түрлендіру жұмыстарын ұйымдастыру» деп аталды. Бұл кәсіпкерлер үшін таныс тақырып болса да, маңыздылығы басым. Өйткені инновациялық тәсілді енгізу уақыт пен қаржыны қажет ететіні белгілі.

Оқыту жұмыстарын өткізу үшін базалық шаруашылық ретінде «Архарлы-Майбүйрек» ЖШС-нің таңдалып алынуы кездейсоқ емес. Өйткені серіктестік облыстағы, тіпті Қазақстандағы, 3 млрд теңгеге салынған ең ірі инновациялық жоба болып есептеледі. 2013 жылы Австралиядан 5563 бас «Ангус» және «Герефорд» сынды ірі қаралардың етті тұқымдасы жеткізілген. Сондай-ақ, шаруашылық қазақстандық тұқымдас 233 бұқа сатып алған. Бұл жерде селекциялық-асылдандыру жұмыстары канадалық мамандармен бірлесіп жүргізіледі. Бүгінде кәсіпорында мал басының саны 10 мыңнан асқан. Сондықтан да шаруашылықтың кәсіпкерлерге айтары да үйретері де мол.

Дәріскер Ж.Жарқымбаев фермерлерді заманауи мал шаруашылығы кешенімен, қоймалармен және "ақылды" жайылымдармен таныстырды. Сарапшы дәрістің теориялық бөлімінде бұзауларды сақтау әдістері туралы баяндап берді. «Төлдеу басталғанға дейін шамамен 2-3апта бұрын сиырдың іші салбырап, желіні ұлғаяды. Сол уақыттан бастап төлдеуге дайындалады. Осы кезеңде сиырдың жағдайы мен мінез-құлқын мұқият қадағалаған жөн. Төлдеу уақыты белгіленген күннің алдында 7-10 күн бұрын құнарлы мал азығын мүлдем алып тастаған жөн. Бұзау туылғаннан кейін оны енесімен 1-2 күн бірге ұстаған жөн. Содан кейін ғана оларды ортақ бөлімге ауыстыруға болады», – деді ол.

Сондай-ақ дәріскер кәсіпкерлердің назарын жаңа туылған төлді азықтандыру кезеңдеріне аударды. Сонымен, оның айтуынша, алғашқы 2,5-3 айда күніне үш реттен емізген жөн. Одан кейін күніне екі реттен емізуге болады.

«Бұзауларды енесінен кеш айырған кезде сиырдың ағзасы әлсіреп, арықтап кетеді. Ал бұзау үшін үнемі еміп отыру, ересек кезеңде де әдетке айналуы мүмкін. Сондықтан да ең тиімді жолы бұзауларды 3 айға дейін күніне үш рет емізу. Ал бұзауларды енесінен ерте айырған кезде, керісінше, дамуы мен өсуі жақсы жүретін болады», – деді Ж.Жарқымбаев.

Сондай-ақ сарапшы фермерлерге вирустық инфекцияларға қарсы вакцина егуді ұмытпауға кеңес берді. Өйткені ерте кезден вакцина салу жануарларды әртүрлі аурулар мен вирустардан сақтайды.

Дәріс соңында Жарқымбаев мал шаруашылығы саласындағы мемлекеттік қолдаулар туралы ақпаратпен бөлісті. Сондай-ақ кәсіпкерлердің, мемлекеттік бағдарламалардың талаптарын жақсарту туралы ойлары мен пікірлерін тыңдады. Ал семинардың қорытындысы бойынша қатысушыларға курстан өткенін дәлелдейтін сертификаттар табыс етілді.

Естеріңізге сала кетсек, шілде және тамыз айларында Алматы облысында 73 оқыту семинары өткізілген. Оған 1174 шаруа қожалығы басшылары мен қызметкерлері қатысты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер