«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Атамекен» құлағы нашар еститін жандарға кәсіпкерлік негіздерін оқытты

2016 жылғы 09 Қыркүйек
- Жетісу облысы
6476 просмотров

Алматы облысында барлығы 2 мың адам «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бизнес-мектебінен» тәлім алды

Өткен жылдан бері Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау және дамытудың бірыңғай бағдарламасының кәсіпкерлікке қаржылай емес қолдау көрсету саласы бойынша операторы атанып келеді. Мемлекеттік бағдарламаның төртінші бағытының аясындағы «Бизнес-мектеп» құрамдас бөлігі бойынша 2015 жылы Алматы облысында бизнес-тренерлер 2284 адамды оқытқан.

Мәселен, ӨКП кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Ерлан Датқаевтың айтуынша, «Бизнес-кеңесші» бөлігі бойынша былтырдан бері 1983 адам оқытылған. «Ұйымдастыру-құқықтық формасының бөлігіндегі қатысушылардың жалпы санына жасалған талдау ЖК түріндегі жеке меншігі бар шағын және орта бизнес субъектілерінің үлесі ЖШС-дан артып кететіндігін көрсетті. Сондай-ақ, айта кетерлігі, қатысушылардың жартысынан көбі – әйелдер», – дейді Е.Датқаев.

Оқу арқылы әр қатысушы 3 млн теңгеге дейін қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие бола алады. Одан бөлек, екікүндік оқуға қатысу – бизнесін жаңа бастағандар мен әлеуетті кәсіпкерлерге жақсы мүмкіндік береді, өйткені көптеген адамдар үшін «Бизнес-кеңесші» бизнесті жүргізудің бірінші қадамы болып саналады. Бизнес-тренерлер өткізетін кәсіби сараптамалық кеңес беру өз мүмкіндіктерін бағалауға көмектеседі.

Осы жылғы «Бизнес-кеңесшінің» басты жетістігі ретінде құлағы нашар еститін жандар үшін, яғни 2 және 3-топ мүгедектеріне сурдоаудармамен курс ұйымдастыру ісін атауға болады. Қазақстанда алғаш рет құлағында мүкісі бар 25 адам ҰКП бағдарламасына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Дәрістерді Талдықорған қаласындағы мүгедектер қоғамдастығының мамандары мен Текелі қаласындағы ӨКП филиалының кеңес беруші менеджерлері аударып берді. Мәселен, курсқа қатысқан 57 жастағы Ольға Рыжковаға бұл оқу кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп, мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға мүмкіндік берді. «Мен 2-топтағы мүгедекпін. Бірнеше жылдан бері кәдесыйлар мен қуыршақтар жасаумен айналысып келемін. Барлығына ұнайды, шетелден де тапсырыс беріп жататын кездер болады. Бұйымдарымның түрін көбейтіп, бизнесімді дамытқым келеді. Сондықтан «Бизнес-кеңесшіге» қатысуға шешім қабылдадым. Біз үшін мұндай курстар өте қажет әрі маңызы зор. Өйткені мұндай курстардан басқа жаңа машықтарға ие болып, білімімізді жетілдіретін мүмкіндік жоқ», – дейді О.Рыжкова.

Тағы бір «Бизнес өсу» бөлігі арқылы 235 кәсіпкер оқытылды. «Кәсіпкерлер әрдайым өздерінің біліктіліктерін арттырып, қызметкерлерін оқытып тұрулары қажет. Сондықтан бұл бағдарлама өндіріс барысындағы уақыт, қаржы, адамдар, шикізат және материал сияқты барлық қорларды тиімді басқаруға мүмкіндік беретін машықтарды қалыптастыруға бағытталған. Бұл кәсіпкерге тауарлар мен қызмет көрсетулер нарығында нақты басымдықтарға қол жеткізуге мүмкіндік береді», – дейді кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бқлімінің сарапшысы Әсет Жексембай.

Тәлімгерлік қағидасы қолданылатын «Жобалық оқыту» бойынша 65 шағын және орта бизнес субъектісі оқытылған. Сондай-ақ, облыста қараша айының басында 18 бен 29 жас аралығындағы «Жас кәсіпкер мектебі» бойынша жастарды оқыту жоспарлануда.

Бағдарлама шеңберіндегі «Іскерлік байланыстар» жобасы кәсіпкерлерге шетелдік кәсіпкерлермен әріптестікті жолға қоюға көмектеседі. Халықаралық жобаның басты мақсаты – халықаралық және шетелдік ұйымдардың қолдауымен шетелдік әріптестермен іскерлік байланыстар орнату. Алматы облысының танымал бизнесмені, «Шай орталығы» ЖШС бас директоры Медеу Серікбаев жоба шеңберінде Германиядан тағылымдамадан өткен 28 бизнесменнің бірі. Оның айуынша, сапар неміс компаниясымен әріптестік орнатуға көмектескен. Тағылымдама барлығы 24 күнге созылған. «Мен өте тамаша әсер алдым. Жобаның арқасында жаңа байланыстарға қол жеткізіп, болашақ әріптестеріммен таныстым. Бизнестегі кейбір дүниелерге жаңа көзқарас пайда болды. Сондай-ақ, бизнесті жүргізу мен дамыту бойынша жақсы кеңестер алдым. Тағылымдама барысында «Аlsen lime» компаниясымен келіссөздер жүргіздім. Олар шайға арналған қоспалар шығарумен айналысады. Қазіргі таңда ортақ әріптестікті бастап кеттік», – дейді бизнесмен.

Бүгінде 10-ға жуық бизнесмен дайындық курсынан өтіп, тағылымдамада көкжиегін кеңейтуге дайындалуда.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер