«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Балдай тәтті семинар

2016 жылғы 26 Тамыз
- Жетісу облысы
6958 просмотров

Қарасай ауданында өткен омарташылық жөніндегі кезекті семинарда бал жинаудың қыр-сыры айтылды

Бұл жолы семинар дәріскері биология ғылымының кандидаты Валерий Лубанов кәсіпкерлерге омарташылық кәсіп өнімдерін алудың жаңа технологиялары мен оларды қайта өңдеу туралы айтып берді. Сонымен бірге, ол өнімдерді алу тәсілдері және өткізуді ұйымдастыруға қатысты ақпараттармен де бөлісті. «Горный садовик» бау-бақша қоғамының «На 100%ящий Мед» компаниясы аумағына іс жүзіндегі және әлеуетті кәсіпкерлер жиналды. Семинардың теориялық бөлімі дастархан басында бал қосылған шай ішіп отырып өткізілді.

Валерий Лубановтың айтуынша, көптеген омарташылар қаржының жоқтығынан және өзге жағдайлар себебінен ескірген, бірақ сенімді тәсілдермен жұмыс істеуге мәжбүр. Алайда ғалым заманауи технологияларды пайдалану аралармен жұмыс істеуді жеңілдететініне сенімді.  Ол араларға қандай ұя таңдау керектігін, сонымен  бірге, араларды бал ұяшықтарынан үрлеп шығаруға арналған электр және бензинмен істейтін ауа тазартқыштарды қалай қолдану керектігін де көрсетіп берді.

Тыңдармандардың өтініші бойынша апитерапия – бал өнімдерінің (бал, ара желімі, ара уыты және т.б.) емдік қолданысы туралы да айтты, себебі бизнес омарташылықпен медициналық мақсатта да айналысуға мүдделі.

«Апитерапияның басқа емдеу тәсілдерінен артықшылығы ретінде табиғи таза заттардың қолданылуын айтуға болады. Олар, бірінші кезекте, пайдалы әрі әсері мол, сонымен бірге, олардың медициналық препараттарға қарағанда ағза үшін зиянсыз болуы өте маңызды. Омарташылық өнімдерінің спецификалық және спецификалық емес иммунитетті ынталандырудағы маңызы зор, сонымен бірге олар үздіксіз қолдану арқылы ісіктің өсуіне әсер ете алады», – деді Лубанов.

Сонымен бірге, сарапшы ара желімінің шығу тегі мен пайдалануы туралы айтып берді. Хош иісті табиғи өнім аралар жинаған терек, аққайың, көктерек, тал және кейбір ағаштар секілді өсімдік текті қарамайлы заттар арқылы жасалады.

«Ара желімінің тазалағын оны суға салу арқылы анықтау маңызды. Егер ара желімі таза болса, ол суға батып кетеді. Егер ара желіміндегі қарамай көп болса,  онда ол суға батпайды. Балқу температурасы шамамен 65-80 °С төңірегінде. Ара желімінің бұл қасиетін бөлмелердегі ауаны тазарту мақсатында пайдалануға болады. Осы орайда, ара желімінен жасалған аэрозольдар адамның тыныс алу жолдарына анағұрлым жақсы әсер ететінін де айта кету керек», – деп атап өтті ол.

Семинар соңында ғалым зерттеліп жатқан материалдарды талдау және сабақтардың ұйымдастырылу сапасын бағалау мақсатында қатысушыларға сауалнама жүргізді. Омарташылық бизнесін ашып, осы саланы дамытуға ниет білдірген кәсіпкерлер сарапшыдан жеке кеңес алды. Олардың бірі – тәжірибелі омарташы Бақтияр Бейсебаев. Оның айтуынша, семинар ол үшін аса пайдалы әрі тиімді болған.

«Омарташы болғаныма қарамастан, мен семинардан жаңа дүниелер үйрендім. Әсіресе, сарапшының өнімді өткізу жөніндегі кеңестері маңызды болды. Ол қандай ыдыста балды сатқан дұрыс, қандай тауар белгісін жапсырған жөн және бизнесті қалай дұрыс әрі тиімді етіп жүргізу керек деген мәселелерге тоқталып өтті. Алған білімімді енді тәжірибеде іске асыратын боламын», – деп бөлісті кәсіпкер.

Қарасай ауданындағы омарташылық жөніндегі семинарлар қыркүйек айында да жалғасады. Қыркүйектің 17, 18 және 24 күндері саладағы жетекші сарапшылар қатысуға ниет білдіргендерді «Коновалов» ЖК» және «Восточный нектар» ЖК» базалық қожалықтарында күтетін болады.

Анықтама үшін телефон: 8 (727) 308 02 95.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер