«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Аудандық кеңес қызметіңізге әзір!

2016 жылғы 15 Шілде
- Жетісу облысы
6809 просмотров

Облыстың екі ауданында кәсіпкерлер кеңесі құрылды

Жаңа орган туралы ережелер Сарқант және Кербұлақ аудандарында таныстырылды. Сарқант ауданында облыстық Кәсіпкерлер палатасынынң директоры Ләззат Шыңғысбаева жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдардың, кәсіпкерлік қоғамдастық өкілдерін Аудандық кеңес туралы ережелермен таныстырып, қызметінің ерекшеліктерін атап өтті.

Оның айтуынша, Кеңес бұған дейін де болғанымен, оны растайтын құжаттар болмаған. «Енді Аудандық кеңес оған сәйкес филиал жанынан бақылау органы ретінде әрекет етіп, қызмет жасайтын ережелер бар. Кеңес жанынан жұмыс комиссияларын құрып, осылайша барлық проблемалар мен бағыттарды қолға алуға мүмкіндік бар. Бастысы – ауыл кәсіпкерлерінің пікірін естіп, ұсыныстарын тыңдау», – деп қосты Л. Шыңғысбаева.

Таныстырылымнан соң кәсіпкерлер жаңа орган қызметіне қатысты сұрақтар қойып, мәселелер бойынша жауап алды.

Кездесу барысында Сарқант аудандық филиалы Аудандық кәсіпкерлер кеңесінің құрамы жасалды. Ауыл бизнесмендерінің мүдделері мен құқықтарын енді жеті кәсіпкер қорғайтын болады. Олардың арасында шаруа қожалықтарының басшылары мен ЖШС директорлары бар. Кеңес төрағасы болып Өңірлік кеңес мүшесі, «Ақ-Дала» ШҚ басшысы, аудандық мәслихат депутаты Аслан Әбдірахманов сайланды.

Палата филиалының директоры Фархат Әбдірақымов жартыжылдық жұмыс бойынша есеп беріп, алты ай ішінде бизнес құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бойынша 4  шағым келіп түскенін хабарлады. Бизнеске сервистік қолдау көрсету бөлімінің мамандары ауданның 490 тұрғынына, оның ішінде 141 кәсіпкер мен 349 жеке тұлғаға қызмет көрсеткен. 47 бизнес-жоспар жасалып, 560 жеке тұлға кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары бойынша кеңес алған.

Кеңес берулердің қорытындысы ретінде «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша жалпы құны 25,5 млн теңгеге тең несиелердің берілгенін атауға болады. Сондай-ақ, тағы 6 кәсіпкер микронесиелеу бағдарламасы бойынша 24,5 млн теңге алмақ. Екінші деңгейлі  банктер арқылы  үш кәсіпкер жалпы сомасы 79 млн теңге болатын несиелер алған.

Жиын соңында Кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаева ИИДМД жобасы – «Сарқант май» жобасын ұсынды. Өсімдік майларын өсіру жөніндегі зауыттың электр энергиясына қатысты проблемаларының бары анықталды. ӨКП басшысы кәсіпорынға мәселені шешуге көмек көрсетіледі деп сендірді. «Жетісу Изолятор» компаниясы да назардан тыс қалмады. Аталған компания сертификаттар алуда қиындықтарға тап болған. Ләззат Шыңғысбаева бұл мәселені зерттеп, ұсыныстар айтпаққа уәде берді.

Сарқант ауданынан кейін Палата басшылығы таныстырылымды өткізу үшін Кербұлақ ауданына барды. Билік және бизнес өкілдерімен кездесуде Ләззат Шыңғысбаева Аудандық кеңестің не үшін қажет екеніне тоқталды. Оның айтуынша, құрылып жатқан орган жергілікті орындарда кәсіпкерлік бастаманы дамытуға арналған мықты тетік болмақ.

«Өңірлік палата міндеттерінің бірі – мемлекеттік қолдаудың барлық әдістерін пайдалана отырып, бизнесті жергілікті деңгейде бақылау, бұқаралық кәсіпкерлікті ынталандыру. Кеңестің артықшылығы сонда, елдің түкпіріндегі әр кәсіпкер  проблемалық мәселелерді талқылауға шығарып, ұсыныстар айтуға мүмкіндік алады», – деді Л.Шыңғысбаева.

Кербұлақ Аудандық кәсіпкерлер кеңесі 12 адамнан тұратын болды. Орган қызметіне араласқысы келетіндердің қарасы аз емес. Сондықтан Кеңестің алғашқы отырысында-ақ мүшелердің саны 20-ға дейін өсуі ықтимал. Берілген мүмкіндікті қолдан жіберместен, кәсіпкерлер мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, лицензиялар алу және микронесиелеу туралы сұрақтар қойды.

Кербұлақ аудандық Палата филиалының директоры Болат Тастанбеков алты ай ішінде атқарылған жұмыстар туралы хабардар етті. Оның айтуынша, ауданның 537 тұрғынына кеңестер беріліп, 23 кәсіпкерге арналып бизнес-жоспар құрылған.

Кездесу соңында қатысушылар Палата мамандарымен жеке әңгімелесіп, қажетті кеңестер алды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер