«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Мемлекеттік сатып алу – ойыншық емес

2016 жылғы 13 Мамыр
- Жетісу облысы
9401 просмотров

Мемлекетттік сатып алу жүйесіндегі заң бұзушылықтар үшін бұрынғыдан да қатаң жаза беріледі

Бұл туралы мемлекеттік сатып алуды өткізу мен камералдық бақылау мәселелеріне қатысты өткен дөңгелек үстелде айтылды. Айта кетерлігі, Кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік сатып алу операторларының жиынына бірінші рет қатысып отыр.

Құқықтық бөлімнің сарапшысы Айдар Қажымұқан тапсырыс берушілер мен уәкілетті орган өкілдерінің назарын сатып алу бойынша өткізілетін конкурс жеңімпаздарын бұл туралы хабардар ету тәсілдеріне аударды.

«Сатып алуға қатысатын көптеген кәсіпкерлер қызмет көрсету туралы шартқа 3 жұмыс күнінің ішінде қол қойылуы қажет екенін білмейді, олай етпеген жағдайда компания мемлекеттік сатып алу порталының жауапсыз жеткізушілерінің «қара» тізіміне енгізіледі. Сонымен қатар, барлығы шарттың мемтекеттік сатып алудың веб-порталындағы поштаға жіберілетіндігінен хабардар емес. Яғни, mail.ru поштасына емес, жеке кабинетке», – деді сарапшы Айдар Қажымұқан.

Осыған байланысты Алматы облысы қаржылық бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Алтынбек Ормашев қаражатты тиімді игеру мақсатында мемлекеттік сатып алу операторларына шартты бір ғана электронды мекен жайға емес, сонымен қатар орындаушының басқа да электронды пошталарына жіберуді ұсынды. Сондай-ақ басқа да байланыс құралдары арқылы ескерту қажеттігін айтты. Өйткені құқықбұзушылықтардың басым бөлігі тапсырыс берушіге қатысты. Сонымен, қаржылық бақылау инспекциясының мәліметтеріне сәйкес, 2016 жылдың бірінші тоқсанында өткізу ережелерінің бұзылуы салдарынан жалпы сомасы 24 миллион теңге болатын 366 лот жойылған. Мемлекеттік сатып алуда олқылыққа жол бергені үшін бірінші басшылар мен орындаушыларға айыппұлдар салынды.

Орган 2015 жылы 12 800 лот бойынша тексеріс жүргізілді. Соның ішінде 3 749 лот жойылып, 328 комиссия мүшесіне 68 миллион теңге сомасында айыппұл салынған.

Алматы облысы жобалау, жобалау-іздестіру ұйымдары қауымдастығының төрағасы Александр Аникин мемлекеттік сатып алу операторлары құжат тапсыру барысында, құрылыс нысандары бойынша талаптар мен орындау мерзімін анықтауда заң бұзатындығын атап өтті. Смета мен талаптарға сәйкес, тапсырыс беруші жұмысты орындаудың ең қысқа мерзімі ретінде 6 айды көрсету керек. Алайда кейбір тапсырыс берушілер барлық жұмыстың орындалуына 2 ай ғана уақыт береді.

Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алуда конкурстық өтінімдерді негізсіз қабылдамаған жағдайда кінәлі қылмыстық жауапқа тартыланатыны мәлім болды. А.Ормашевтің айтуынша, осыған сәйкес түзетулер осы жылы енгізіледі екен.

Естеріңізге сала кетсек, Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен отандық тауар өндірушілерді ілгерілетудің мониторингісі бойынша комиссия құрылған еді. Оның басты міндеттерінің бірі мемлекеттік сатып алу саласында бизнестің мүдделерін қорғау мен бақылау болатын.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер