astana-view

Алқабек өзені жайлы аңыз

Шығыс Қазақстан облысы

Ерте–ерте ертеде мыңдаған жылдар бұрын Алтаймен қол ұстасқан Тарбағатай жерінің көгінде 7 күн өрмелеп шығып, жарқырап тұратын мамыражай заман болған екен. Күн шуағы мол түсетін сол елде тірі жан тапшылықтың не екенін білмеген екен деседі.

Осындай мамыражай елде Ұласты есімді сұлу бойжеткен болыпты. Сұлудың мекені – Жайсаң көліне құятын Ертіс өзенінің бастау тұсында болыпты.  Көркі аспандағы күнмен таласатын сұлу қыздың қимыл – қозғалысы да елден ерек болса керек. Оның жүріп өткен жолындағы майса шалғындар майыспай жайқалып тұра береді екен. Жүзінен нұр төгілген Ұластының тәкаппарлығы да бір басына жетіп артылады екен.

Алайда сұлу қыздың жүрегіне шоқ тастаған, өзіне ессіз ғашық еткен жан иесі- сол маңайда қой бағып жүретін Алқабек есімді жігіт болатын. Басқалар үшін қол жетпес арманға айналған аруға қойшы жігіт көз қырын да салмайды екен. Ғашықтықтың айықпас дертіне шалдыққан Ұласты «Қайтсем оның назарын аударам» -деп қиналыпты. Сол жерді мекендейтін адамдардың салттары бойынша жолы қиын, шыңның ұшар  басында өсетін гүлді сыйлау «Бірге ғұмыр кешейік, Бірге өмір сүрейік!» -деген ұғымды білдіреді. Талай жігіттің бетін қайтарған Ұласты шыңда өсетін гүлді сүйгеніне өз қолымен табыс етуге бел байлайды.

Алайда  жігіт  жүрегінде оған деген орын жоқ екендігін айтқанда қапаланған ару жерге соғылып құсқа айналып кетеді. Ал жігіт мұздай суға айналып аға жөнеледі. Құсқа айналып кеткен ару ғашығына тым болмаса бір қарау үшін өзен маңын айналып ұшатын көрінеді.

Сары алқым қунақ құс күні бүгінге дейін Алқабек өзенінің аңғарын мекендеп, басқа жаққа кетпейтін себебі сол екен. Алқымы –алтын түстес, дене тұрқы сұрғылтым жасыл түсті әдемі құстың ғылыми атауы –сары алқым ара жегіш, немесе жасыл аражегіш екен.   Алқабек жігіт пен Ұласты арудың махаббат тарихы осылайша аңыз болып өріліп, бүгінгі күнге жеткен.

Еншілес ұйымдар

Серіктестер