«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Өңірлік кәсіпкерлікті дамыту картасы

«Атамекен» ҰКП әзірлеген Өңірлік кәсіпкерлікті дамыту картасы еліміздің кез келген аймағындағы кәсіпкерліктің даму деңгейін бақылап отырумен қатар, инвестицияға мұқтаж саланы да анықтауға мүмкіндік береді. Еліміздің 14 облысы мен республикалық маңыздағы 2 қаланы қамтитын Қазақстанның бизнес-картасынан бір өңірді таңдап, оның табиғи ресурстарымен, пайдалы қазбаларымен, өндіріс ошақтарымен, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен танысуға болады.

Карта бизнес иелеріне ғана емес, кәсіпті енді бастамақ ниеті бар адамдар үшін де жол нұсқаушы болып табылады. Өйткені, онда әрбір аймақтың бейінді саласы, кәсіпкерлікті дамытуға арналған жағдай, жұмыс істеп жатқан субъектілер тізімі, қаржылық және инфрақұрылымдық мүмкіндіктері, еңбек пен шикізат ресурстары көрсетіледі. Кәсіп бастаймын деген жандар осы карта арқылы өз облысындағы сұранысқа ие кәсіп түрін таңдап, аймақтағы жобалармен танысып, бизнес-идея таба алады.

Өңірлік картаға жобаларды енгізу мақсатында Алматы облысы бойынша 381 бизнес субъектісі арасында сауалнама жүргізілді. Оған облыстағы 404 кәсіпкер мен 676 кәсіпкерлік ашуды жоспарлап жүрген азамат қатысты. Анықталғандай, аймақта кәсіпкерлікпен негізінен 35-64 жастағы жоғары білімі бар азаматтар айналысады. Сауалнамаға қатысқандардың арасында бизнеспен шұғылданатын әйелдердің үлесі басым, яғни 61%-ды құрайды. Сонымен бірге, бұл карта кәсіпкерлердің жолындағы бөгеттерді анықтап отыруға да ықпал етеді. Картаны әзірлеу барысында «Атамекен» ҰКП-ға жүгінген барлық кәсіпкерлердің өтініштері қаралып, бизнес жүргізудегі кедергілер сараланған. Өкінішке орай, оның көпшілігі әкімшілік тосқауылдар екені анықталған.

Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы кәсіпкерлер үшін ақпарат көзіне айналып қана қоймай, кәсіптеріне инвестиция тартуға жол ашады. Картада әлеуетті бизнес жобалар орналасатындықтан, оларды шетелдік инвесторларға таныстыру жеңілдей түседі.

Аймақтық даму картасы шетелдік инвестицияларды тарту құралы болады. Интернет-порталдың ағылшын тіліндегі нұсқасы жасалып, онда аймақтың мүмкіндігі туралы толық деректер қамтылады. Инвесторлар порталда облыстың экономикалық және инвестициялық мүмкіндігін саралап, жобалардың даму әлеуеті жөнінде, тіпті аймақтағы топырақтың сапасы мен ауа температурасы туралы да ақпарат ала алады. Палата шетелдік инвесторлардың облыс кәсіпкерлерімен байланыс орнатуына, даму бағыттарын анықтауына қолдау көрсетеді. Осылайша аталған карта кәсіпкер мен инвесторды байланыстыратын көпірге айналады.

Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдерін Өңірлік карта жобасына қатысуға шақырады!

Еске салсақ, Алматы облысы Өңірлік картасын «Жетісу-Инвест-2016» халықаралық бизнес-форумы аясында 10 маусым күні таныстырған болатын.

Өңірлік карта – кәсіпкерлік үшін пайдалы құрал, өндірісті кеңейтудің, арттырудың жаңа механизмі. Картаға енгеннен кейін мүмкін болатын инвестициялық тәуекелдер бағаланады, жобаның инвестициялық тартымдылығына баға беріледі, құжаттардың талдауы мен сараптамасы жүргізіледі, жобалық құжаттаманы  жасауға көмек беріліп, өзге де қажетті қызметтер көрсетіледі. Егер сіздің бизнес ашу жөніндегі қызықты жобаларыңыз, бизнес-жобаларыңыз болса, кәсіпкерлік бастаманы жүзеге асыруға дайын екенімізді айтамыз.

Өңірлік кәсіпкерлікті дамыту картасы келесі электронды мекенжайлар бойынша қолжетімді болмақ: http://businessnavigator.kz/ru және http://www.businessmap.kz/ru.

Алматы облысы бойынша биофармацевтика, құрылыс және құрылыс материалдары, өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы, тағамдық өндіріс, қағаз өнеркәсібіне қатысты жобалар енгізілген.

Қызықтырған сұрақтар бойынша Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Қасқарауов Әділге көрсетілген телефондар арқылы байланысуды сұраймыз: 8 7282 401 498, ұялы телефоны: 8 702 488 06 74 немесе сұрақтарыңызды a.kaskarauov@palata.kz электронды мекенжайына жолдауыңызға болады.

Серіктестер