«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бейресми кездесу: жас кәсіпкерлермен еркін сұхбат

2019 жылғы 18 Қаңтар
- Маңғыстау облысы
4779 просмотров

 Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасында облыс әкімі Ералы Тоғжанов жас кәсіпкерлермен кездесті

Алдымен әкім кәсіпкерлер палатасының ғимаратында орналасқан коворкинг орталығы мен кәсіпкерлердің өз-өзіне қызмет көрсету алаңын аралап көрді. Енді бизнес өкілдері осында пікір алмасып, кәсіпті оңтайландыру әдістерімен бөлісетін болды. Өңір басшысы ӨКП қызметкерлерінің әрқайсысымен жеке пікірлесіп, сандық жүйеде атқарылып жатқан қызмет түрлері туралы мағлұмат алды. Кәсіпкерлердің «бір терезе» қағидаты бойынша аз уақыт ішінде нақты, қажетті ақпараттары мен құжаттарын алуға барынша жасалған жағдаймен етене танысты. Сонан соң бейресми форматта, дөңгелек үстел басында 30-ға жуық жас кәсіпкермен ашық сұхбат жүргізді. 4 сағаттай тапжылмай отырған тараптар кездесуі маңызды өтті.

«Ең бастысы, кәсіппен айналысамын дегендерге мүмкіндіктер өте көп екенін айтқым келеді. Біз жастардың бизнес идеялары мен старт-ап жобаларын іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Ол үшін барлық мүмкіндіктер бар. «Нұр капитал», шағын несиелер, мұның барлығы ең әуелі жастар үшін! Бүгінгі таңда «Нұр Капитал» өңірлік бағдарламасы бойынша 1847 жаңа жұмыс орнын құрумен 3,4 млрд.теңге сомасына 193 жоба мақұлданды. Оның ішінде нақты 42 жоба іске қосылып, нәтижесінде 390 жаңа жұмыс орны құрылды. (жалпы кредит соммасы 818,9 млн. теңге.) Жоғарыда атап өткен 193 жобаны ұсынған азаматтардың ішінде 30-ға жуығы жастар.  Жас кәсіпкерлердің қауымдастығын құру бастамасы өте орынды деп есептеймін. Себебі, мұндай қауымдастық барлық бизнес идеялардың жүзеге асуына тікелей түрткі болады,» – деді Ералы Тоғжанов.

Сөйтіп, Маңғыстауда тұңғыш рет жас кәсіпкерлер қауымдастығы құрылатын болды. Онда әкім мен жастар ай сайын кездесіп, тың жобаларды жүзеге асыру, бизнесті дамыту бағытында ашық пікірлесетін болып келісті. Жастар жылы аясында жас кәсіпкерлер форумы да ұйымдастырылмақ. Ол жай форум емес, жастардың бизнестегі жолын ашып, бағыт-бағдар беретін нәтижелі шара болады деп күтілуде. Тағы бір ұсыныс- Ақтау қаласында Каспийдің жағасында «Жас кәсіпкерлер аллеясын» ашу бастамасы көтерілді. Онда жас қолөнершілердің туындылары қойылатын болады. Жергілікті халық пен туристер сол аллеяға барып ұлттық төл өнерімізбен танысыып қана қоймай, бір жерге шоғырланған таптырмас бұйымдарды сатып алуына да мүмкіндік туады.  

Кездесу барысында өңір басшысы жас кәсіпкерлердің ой-ұсыныстарын тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Қобылан Жариев 9 жылдық тәжірибесі бар жас кардиохирург. Ол Жаңаөзен қаласынан ота жасайтын кардиоорталығын ашқысы келеді.

«Жылына 500-1000-ға дейін ота жасауға дайынмын. Барлық құрал-жабдықты, қажетті материалдарды өз есебімнен сатып аламыз. Енді қалалық аурухана ғимаратынан арнайы орын алғымыз келеді. Көктемде жұмысымызды бастап кетуге әзірміз», – деді ол. Жас дәрігердің ұсынысы бірден қолдау тапты.

Ал, Медина Сақтағанова өзі басқаратын ұлттық киімдер шеберханасының құрылу, даму жолын айта келе, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын, тек қазақи киімдермен флеш-моб ұйымдастырып, әрі қарай басқа өңірге жалғастыруға жолдайық деп ой тастады.

Сонымен қатар, Жалғас Дәулетов өз кәсібінің қазір қандай деңгейге жеткенін жеткізді. 40-қа жуық кәсіпкер мүше өңірлік кәсіпкерлер клубы туралы әңгімелеп берді. Клубтың басты мақсаты – кәсіпкерлікті дамыту және кәсіпкерлердің жеке дара қалыптасуына жол ашу, тәжірибе алмасу және коммуникациялар алмасу алаңын қалыптастыру деді. Ал, «ACS» ЖШС коммерциялық директоры Сүгірбай Аяттың компаниясы 2005 жылдан бері облыста құрылыс саласымен айналысып жатқаны жайында және бүгінде 27 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырғанын айтты. Ким Алена балаларды дамыту орталығының директоры. Ол Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында екі орталық ашып, қазір 600-ден астам баланың білімін дамытуға, шығармашылығын шыңдап, мектепке даярлауға ат салысуда. 2016 жылы ашылған кәсіптің арқасында 25 адамды жұмыспен қамтасыз етіп келеді. Қайырымдылық ретінде айына 5 мүгедек баланы дамытуға қолдау көрсетеді.    Искаков Бауыржан- Мұнайлы ауданының Басқұдық ауылында дистрибьюторлық қызмет пен тұрмыстық химиялық өнімдер өндіру кәсібімен айналысады. 2017 жылы құрылған бизнестің көмегімен 18 адамға тұрақты жұмыс көзін ұсынып отыр. Олар айына 3 тонна химиялық тауарларды сатылымға шығаруда. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасымен 40 млн тг несие алып, ісін өркендетіп отырғанын жеткізді.

 Маңғыстауда жас кәсіпкерлерді қолдау әрі жұмыстарын дамыту мақсатында Өңірлік кәсіпкерлер палатасы тарапынан бірқатар іс-шаралар атқарылып жатыр. Былтыр «Бастау» жобасы арқылы білім алып, 85 маңғыстаулық жас кәсібін ашқан. 2018 жылы 13 жас кәсіпкер жалпы сомасы 60 млн 600 мың теңгені құрайтын 4 пайыздық несие алып, ісін өркендеткен. Ал, 6% несиемен ауыл шаруашылығын дамыту жобалары үшін 52 жас іскерге 220 млн 438 мың теңге  көлемінде қаражат бөлінді. Осы бағытта жас кәсіпкерлер мал шаруашылығы мен жылыжай баптауға елеулі үлес қосып жатыр.

Алдағы уақытта кәсіпкерлер палатасының мұрындық болуымен тың жобалар, ерекше идеялардың жүзеге асуына тапсырма берілді. Өңір басшысы осы бағытта қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер