«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Талдықорғанда 30 жас кәсіпкер тағылымдамадан өтті

2017 жылғы 31 Тамыз
- Жетісу облысы
4518 просмотров

Шеберлік-сыныптары кәсіпорындарда ұйымдастырылды

Жыл сайын ұйымдастырылатын шараға қатысушылар бес күн бойы табысты кәсіпкерлер мен сарапшылардың тренингтеріне қатысты, сонымен қатар кәсіпорындарда шеберлік-сыныптары өтті.

Асхат Әбжанов, Асқар Әскеров, Светлана Друзь және Аслан Есжанұлы сынды кәсіпкерлер әрі бизнес-жаттықтырушылар инновациялық технологиялар, краудфандинг, таныстырылым жасау мен көпшілік алдында сөйлеу, танымды жамыту бойынша дәрістер оқыды. Мемлекеттік қолдау мен шағын және орта бизнесті дамыту құралдары жайында Алматы облысы кәсіпкерлер палатасының қабырғасында айтылды.

Бұл Райымбек ауданынан келген 19 жастағы Мұхит Асқарұлы үшін алғашқы бизнес-тағылымдама. Оның айтуынша оқу барысында бизнесте жетістікке жетуге қатысты кеңестер алып, кәсіби мамандардың тағылымын алған.

«Qazaqstanwatches» онлайн-дүкенін басқарамын. Қол сағаттарын әлеуметтік желі арқылы сатумен айналысамыз. Әуел баста басқа дүкендер секілді жабылып қалатынымызды айтқан «хейтерлер» болған. Себебін осындай қымбат сағатты алушылардың қатары аз деп түсіндірді. Бірақ біз бүгінде 30-дан аса сағатты саттық. Бірақ біз өзіміздің Кеген тұрғындарының әрқайсының қолында отандық сағат болады деп үміттенеміз», – дейді жас кәсіпкер.

Қатысушылар теориялық білімдерін кәсіпорындардағы тәжірибемен ұштастырды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Асар» фитнес-клубына барды. Бұл орталықты кәсіпкер Елдос Баялышбаев басқарады. Оның өзіне және адамдарға көмектесемін деген ниеті бизнеске айналғаны туралы баяндады.

«Екі жыл ішінде 200-ден астам адам сауықтырудан өтті. Олардың көпшілігі еңбектеуді үйренді, балдақпен жүруге, арнайы құралдарға сүйеніп жүруді үйренді. Тіпті өздігінен жүруге шамасы жеткендерде бар», – дейді кәсіпкер.

«Кишлак», «TANDOOR» дәмханаларының иесі Дәурен Тәліпов «нөлден» бизнес бастаудың сырымен бөлісіп, «шығыс дәмінен» табыс табудың жолы жайында айтты.

«Қайнар-АКБ» аккумулятор зауыты мен «Арлен» балабақшасында өткен экскурссияның да пайдасы зор.

Жас кәсіпкерлер «Түркі алаңы» демалыс базасында Алматы облысы Өңірлік кеңесінің төрайымы Римма Салықова, Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қиымыл кеңесінің төрағасы Файзулин Баниямин, «Мейірім» медициналық орталығының директоры Гүлнаш Әбусағитова және облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Лаззат Шыңғысбаевамен кездесті. Бейресми форматта өткен жүздесу барысында бизнес жүргізуге қатысты кеңестер айтылып, жастар кәсіпкерлігіндегі түйткілді мәселелер талқыланды.

«Жоба жастардың жеке кәсібін ашуына, тәуекел мен қауіпті сараптауға, өзге кәсіпкерлермен тәжірибе алмасуға септігін тигізеді. Бүгінде 2016 жылдан бастап 90 адам тәжірибеден өтті. Жоба серіктестеріне зор алғысымды білдіреді», – деді Қазақстан жастар конгресінің атқарушы директоры Айдын Сәбитов.

«Жастардың өңіраралық бизнес-тағылымдамасы» жобасының қорытындысы бойынша дамыту институтары, қоғамдық ұйымдар, әкімдік басқармалары өкілдерінің қатысуымен қоғамдық тыңдалым өтті.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер