«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қазақстанда шетелдік инвестицияның рекордтық көлемі тіркелді

2016 жылғы 09 Желтоқсан
- Алматы қаласы
7890 просмотров

Алматыда IV «Almaty Invest-2016» халықаралық форумы өтіп жатыр

IV «Almaty Invest-2016» халықаралық форумына қатысу үшін, Алматыға 63 мемлекеттен бизнесмендер мен экономикалық сарапшылар жиналды. Барлығы 500-ден аса қатысушы келді. Олардың арасында білікті саясаткерлер, жетістікке жеткен отандық әрі шетелдік бизнесмендер, халықаралық ұйымдардың басшылары бар. Бұл форум билік, бизнес, қоғам арасында пікір алмасуға мүмкіндік беретін ашық алаң. Бәрі бір ауызан: елдегі тұрақтылық пен бизнеске көрсетіліп жатқан белсенді қолдаулар Қазақстанға әлемнің әр тарапынан инвестиция құюға жол ашады деді. ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтың айтуынша, биыл Қазақстанға құйылған шетелдік инвестицияның көлемі рекордтық көрсеткішке жеткен.

«Соңғы тоғыз айдың нәтижесі бойынша шетелдік компаниялар біздің елдің экономикасына 12,1 миллиард доллар қаржы құйды. Мұнайдың бағасы түскенімен, елде ІЖӨ көрсеткіші өсіп келеді, қазіргі таңда ол 0,4 пайызға тең», – деді Данияр Ақышев өзінің форумда сөйлеген сөзінде.     

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қалада инвесторларға қызмет көрсететін орталық жұмыс істейтінін айтып өтті. Ол қазіргі кезде инвестициялық омбудсмен лауазымын енгізу қарастырылып жатқанын хабарлады. 

«Алматыда 183 мың шағын және орта кәсіпорын бар. Олардың 14 мыңы шетелдік инвестицияның қатысуымен жұмыс істеп жатыр. Алматы – жеке бизнес пен шикізаттық емес экономикалық капиталдың қаласы, ол ел экономикасының бестен бір бөлігін құрайды», – деп атап өтті өз сөзінде Бауыржан Байбек. 

Инвестиция және даму министрлігінің ақпаратын сенсек, кен қазу секторына қатысы жоқ инвесторларға 283 қызмет түрі бойынша, елге әкелетін құрал-жабдықтарға кедендік алым төлеуде бірқатар жеңілдіктер жасау және жерді жеңілдікпен беру қарастырылған. Оның үстіне инвесторлар ұжымдық табыс салығынан, меншік пен жер салығынан босатылып, жаңа экспорттық тауарға 30% өтемақы ала алады. 

IV «Almaty Invest-2016» халықаралық форумы аясында сомасы 300 млрд теңгені құрайтын 53 меморандумға қол қойылды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер