«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Рухы мықты кәсіпкер

2016 жылғы 14 Қараша
- Жетісу облысы
7042 просмотров

Әлеуметтік кәсіпкерлер Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларымен кездесті

Кәсіпкерлер палатасы оқушыларға кәсіби бағыт-бағдар беру жұмыстарын жалғастырып жатыр. «Ақылды бейсенбі» жобасы аясында Назарбаев зияткерлік мектебінде Палата өңірдің әлеуметтік кәсіпкерлерімен кездесу ұйымдастырды. 9-11 сынып оқушыларына «Асар» оңалту орталығының директоры Елдос Баялышбаев, «Мейірім» қоғамдық ұйымының құрылтайшысы Анатолий Мигай және жас кәсіпкер Мадияр Ысқақов қонақа барды.

Кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаеваның айтуынша, әлеуметтік кәсіпкерлер беретін үлгі оқушыларды биік мақсаттарға жетуге шабыттандыруы тиіс.

«Әр кейіпкердің өзінің өмірлік жолы, көзқарастары мен ұстанымдары бар. Кейбір жағдайларға қарамастан, олар сол қиындықтарды жеңіп, барлығына өздерінің табысты бола алатындықтарын дәлелдеді. Оған қоса олар басқаларға көмектесуге де әзір», – деді Алмагүл Оңғарбаева.

Кәсіпкерлер палатасы құрылған сәттен бастап-ақ кәсіпкерлермен тығыз байланыс орнатып, жобаларды сүйемелдеуге көмектесіп келеді.

Сырқаттарына қарамастан, жас жігіттер өмірдің қиын да қауіпті сынақтарын жеңе білді.

Кездесуде Анатолий Мигай өзінің басынан өткен қиындықтары мен жеткен жетістіктері туралы айтып берді. Көз ауруына шалдыққанына қарамастан, Анатолий мектеп бітіріп, колледж бен университетте білім алды. «Құқықтану» мамандығы бойынша магистратураны өте жақсы тәмамдаған. Оның арманы көп, үміті зор. Ол басшылық ететін «Мейірім» ұйымы көзі нашар көретіндерге құқықтық кеңестер береді, сондай-ақ түрлі конкурстық гранттар мен мемлекеттік сатып алуларға қатысады. Қоғамдық белсенді кәсіпкер кейбір нормативті-құқықтық құжаттар мүгедектердің жұмысқа орналасуына кедергі келтіретінін айтты. Сондықтан, оның айтуынша, заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізу қажет.

Сонымен қатар, ол оқушыларға өзін мемлекеттік қызметте сынап көргісі келетіндігін айтты.Бұл ретте де Анатолий тестілеуден өтіп, жоғары балл жинады.

Кездесуге қатысқан кәсіпкер Елдос Баялышбаев 19 жасында жол-көлік апатына ұшырап, оның өмірі күрт өзгереді. Жарақаттарына байланысты өз бетінше жүре де, тамақтана да алмайды. Күн сайынғы жаттығулардың арқасында ол 6 айдан кейін отыруды, өз бетінше тамақтануды үйренген. 2 жылдан соң балдақпен жүре бастапты. Енді ол басқаларға да аяққа тұруға көмектесіп жүр.

«Асар» спорттық-оңалту орталығының басты мақсаты – аяққа тұруға көмектесу. Біз кешенді оңалту құралдары, жаттығулар, емдік дене шынықтырулар мен массаж арқылы омыртқасы мен жұлынына, қол-аяғына зақым келген адамдарға көмектесеміз. Бұл бұлшықетті қайтадан қалпына келтіруге көмектеседі. Екі жылдың ішінде біздің Орталықта 200-ден астам адам оңалту курсынан өтті», – дейді Елдос. Ол сондай-ақ, оқушылар алдында шетелдік гранттарға қатысу туралы өз тәжірибесімен бөлісті.

Қонақтардың енді бірі – 23 жастағы Мадияр Ысқақов. Ол – зағип жан. Бірақ бұл оның жоғары білім алып, сүйікті ісімен айналысуына кедергі келтіре алмады. Қазір ол «Алатау» әлеуметтік кафесінде мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыруға көмектеседі.

Кездесу соңында Анатолий, Елдос және Мадияр балаларды армандары мен мақсаттарын жүзеге асырудан қорықпауға, жүректері қалаған іспен айналысуға шақырды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер