«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бес басым бағыт белгіленді

2016 жылғы 08 Қараша
- Жетісу облысы
5097 просмотров

Өңірлік кеңес кәcіпкерлердің аудандық (қалалық) кеңестерінің бес басым бағытын белгіледі

Кәсіпкерлер палатасында Өңірлік кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңес төрағасы Римма Салықова бірнеше ай бұрын құрылған кәсіпкерлердің аудандық және қалалық кеңестері белсенді жұмыстарын жалғастыра беруі керек деп айтты.

«Бұл жұмысқа қалың жұртшылықты тартпасақ, дамуға ынталандыратын белгілі бір стратегия мен бағыттар бойынша жұмыс жасамасақ, барлық бастамамыз аяқсыз қалады. Осыған байланысты, кәсіпкерлер кеңесінің жұмысы үшін басым бағыттарды анықтау қажет деп санаймын. ККО (Консультациялық-кеңесші орган) жұмысының тиімділігін ескере отырып, өңір кәсіпкерлерінің мәселелерін талқылау механизмін енгізу керек. Сондай-ақ оны БАҚ арқылы жұртшылықтың талқылауына ұсынып, ККО-ның бірлескен отырыстарында шешкен жөн», – деді ол.

Кеңес мүшелері кәсіпкерлердің аудандық (қалалық) кеңестерінің бес басым бағытын бекітті.

«Біріншіден, Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес жергілікті жерлердегі кәсіпкерлік субъектілері мүшелік жарналарын толық және дер кезінде төлеуге қатысты талаптарды орындауға міндетті. Екіншіден, Кәсіпкерлер кеңесі қауымдастықтарды (салалар бойынша) құру және олармен ары қарай жұмыс жасау кезінде көмек қолын созуы керек. Үшіншіден, бизнесті қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға белсенді қатысу қажет. Төртіншіден, кәсіпкерлер жергілікті атқарушы органдардың жанынан құрылған консультациялық-кеңесші органдардың қызметіне қатысып, олардың 50%-ын құрауы қажет. Бесіншіден, аудандық кеңес қашанда кәсіпкерлер құқығын қорғауы, заңбұзушылық фактілерін қадағалауы, кәсіпкерлердің мұң-мұқтажын тыңдауы қажет. Осы бағыттар бойынша Кеңес жұмысының тиімділігін бағалаймыз», – деді Р.Салықова.

Күнтәртібіне сәйкес, Өңірлік кеңес құрған Туризм және спорт комитетінің жұмыс қорытындысы тыңдалды. Кеңес хатшысы, ӨКП Жобаларды сүйемелдеу бөлімінің сарапшысы Әйгерім Шәймерденова комитет мүшелері «Алматы қаласының визит карточкасын» жасауға қатысып, «Туризмді дамытудың жол картасына» ұсыныстар енгізгенін айтты.

Аталған Комитет төрағасы, өңірлік кеңес мүшесі Рустам Хакимов жергілікті атқарушы органдар ішкі туризмнің дамуына дұрыс көңіл бөлмей отырғанын жеткізді. Соның салдарынан көптеген жобалар тұрып қалады және іске аспайды. Өз кезегінде өңірлік кеңес басшысы Римма Салықова осы салада орын алған мәселерді талқылау үшін келесі отырысқа облыс әкімінің туризм мәселелеріне жауапты орынбасарын шақыруды ұсынды.

Сонымен қатар кадрлық саясат пен бюджет жөніндегі комиссия жұмысының қорытындысы тыңдалды. Жамбыл және Талғар аудандық филиалдарының директорлары атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Жамбыл аудандық филиалының директоры Ықылас Амалбек 9 ай ішінде Палатаға 1032 өтініш түскенін мәлімдеді.

«Ауыл әкімі ветеринарлық дәріхана құрылысы үшін кәсіпкерге жер телімін беруден негізсіз бас тартқан. Біз араласқаннан кейін, кәсіпкердің заңды мүддесі толығымен қорғалып, ол жер телімін алды», – деді филиал директоры.

Аудандық кеңес төрағасы Ерлан Әлімқұлов Кеңес құрылғалы бері жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен, прокуратурамен және құқық қорғау органдарымен кездесіп, бизнесті қолдау шаралары жөнінде келіссөздер мен кездесулер өткізілгенін айтты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер