«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнес өрге басуы үшін не істеу керек?

2016 жылғы 12 Шілде
- Солтүстік Қазақстан облысы
8261 просмотров

Бизнесті көбінесе білімің мен машығың жететін салада бастаған жөн, себебі, бұл тұста тәжірибенің рөлі шешуші болмақ

Табысты бизнесмен болуды армандамайтын адам жоқ шығар. Өз ісіңді ашу жолында не кедергі болуы мүмкін? Болашақ және ісін енді бастаған кәсіпкерлердің көкейінде жүрген бұл сұраққа Ақжар ауданы Кәсіпкерлер палатасының кеңесшісі Әлібек Бекболатов жауап берді.

Біреуге жалданып жұмыс жасау көп жағдайда адамды қажытады, жалықтырады, сондықтан көп адамдар өз бизнесін ұйымдастыруға ниеттенеді. Және бұл жүзеге асыруға болатын нәрсе, бастысы, сабырмен өз күшіңе сеніп, қарсы алдыңдағы кедергілерден сүрінбей өту. «Бизнес ашу кезінде көп ұшырасатын проблема – ол капиталдың жеткіліксіздігі. Қызметті бастау үшін де, ойға алған іс тұрақты кіріс түсе  бастағанға дейін,  бір сөзбен айтқанда, өзін өзі ақтағанға дейін қызметті жалғастыру үшін қажет. Артық қаражат көп ешкімде бола бермейтіндіктен, адамдардың көбі өз арманынан бас тартып, бұрынғы орнындағы жұмысын жалғастыра береді. Бұл проблеманы шешудегі маңызды құрал кәсіпкерлерді қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары болып саналады», – дейді Әлібек Бекболатов.

Сарапшының пікірінше, өз ісіңді бастау кезінде назар аударатын тағы бір жайт – қызметті лицензиялау. Мәселен, алкоголь және темекі өнімдеріне қатысты бизнестің міндетті түрде лицензиясы болуы керек. Оның шығыны да, әуре-сарсаңы да көп және ұзақ уақытты алуы мүмкін. Бастаушы кәсіпкер оған төтеп бермеуі мүмкін. Сондықтан бизнесті бастаған соң, болашақ бизнесменнің білімі де, машығы да бар саладан бастау керек, себебі мұнда тәжірибенің рөлі зор.

«Бәрін басынан бастағаннан гөрі, бес саусақтай білетін саланың бүге-шүгесімен айналысқан анағұрлым оңайға  түспек. Мәселен, бұрындары даяшы болып жұмыс істеген адамға мейрамханалық бизнеспен айналысу керек, себебі ол оның қыр-сырын біледі. Егер мүлдем тәжірибесі болмаса, онда іске салалық бағыт бойынша арнайы курстарды аяқтап барып кіріскен дұрыс. Ісіңнің бағытын таңдай отырып, оның барлық ерекшеліктерін білу үшін, сауатты түрде өз мүмкіндігіңді бағалай алу үшін де қандай да бір саланың ішкі жағын зерттеп алудың пайдасы зор», - деп қорытады ол. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер