«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Алматы облысында фермер жер учаскесін төрт жыл бойы ала алмай келген

2019 жылғы 29 Сәуір
- Жетісу облысы
2568 просмотров

Мәселе «Атамекеннің» араласуынан кейін оң шешімін тапқан

Бұл туралы Көксу ауданы әкімінің орынбасары Нұрдәулет Кененбаев Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында мәлімдеді.

«Кеңесте қаралғаннан кейін кәсіпкердің аталмыш мәселесі оң шешілді. Қазіргі таңда «Ая» шаруа қожалығына жаңа жер учаскесі берілді», - деп атап өтті әкім орынбасары.

Айта кетейік, наурыз айының басында Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесі «Ая» шаруа қожалығының басшысы Нұртас Жақұпбековтың мәселесін қараған болатын. Фермер Көксу ауданы әкімдігі шенділерінің әрекеті мен әрекетсіздігі салдарынан 2015 жылдан бері өзінің жер учаскесін пайдалана алмай келген.

Қажетті құжаттардың барына қарамастан, әкімдіктің жауапты мамандары жер учаскесінің шекарасын белгілеу бойынша шараларды қолға алмаған. Кейін анықталғандай, жер учаскесі ескі үлгідегі карта бойынша берілген. Сонымен бірге, кәсіпкердің учаскесінің аумағында коммуникация жүйелері жүргізілген болып шықты.

Осыдан кейін Кеңес мүшелері жер қатынастары саласындағы бұзушылықтарды тізіп, кәсіпкер шағымын Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі облыстық департаментіне тағы бір қайтара жолдау туралы ұсыныс берді.

«Жер мәселесі, соның ішінде учаскелерді беру, рәсімдеу өзекті мәселе болып тұр. Оны шешу үшін жергілікті атқаруш орган үшін де, кәсіпкер үшін де қолжетімді болатын жер учаскелерінің онлайн геокартасы қажет. Біз учаскелерді бөлу кезінде ашықтықты орнатып, түрлі жер конкурстары мен аукциондардың барынша көп ұйымдастырылуын қамтамасыз етуіміз тиіс», - деп атап өтті  Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы Баниямин Файзулин.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер